Жарияланды: 25.03.2023

ТҮРКІСТАНДАҒЫ «ФАРАБ» ӘМБЕБАП ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНА 1000 КІТАП ТАРТУ ЕТІЛДІ

Бүгін «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Түлкібас аудандық кітапханалар жүйесінің «Кітап Travel – 2023» «Шежірелі өлкеден – рухани Темірқазыққа» атты іс-шарасы өтті. Шара барысында облыстық кітапхана қорына 1000 кітап тарту етілді.
«Түркістанға арнау» әнімен бастау алған шараға зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары мен құрметті қонақтар қатысты.
Шараға облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Жанат Шардарбекова мен Түлкібас аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Қамар Кенжебаева, «Шұғылалы таң» қоғамдық қайырымдылық қорының басшысы Дана Орманова мен ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері Айғаным Серім қатысып, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, жиында Кейіпкерлер шеруі мен жазушы Шерхан Мұртазаның «41 жылғы келіншек» әңгімесінен көрсетілген қойылым саханаға көрік берді. Жиын өңірлік кітапханалардың қызмет көрсету бағытындағы озық идеяларды анықтау, бүгінгі оқырманның сұранысын қанағаттандыру арқылы кітап оқудың жаңа тетіктерін қарастыру мақсатында ұйымдастырылған.
Жыл соңына дейін Түркістан облысында танымал қаламгерлердің, ақын-жазушылар мен баспагерлердің кітаптарынан кітап қорын 20 мыңға жеткізу жоспарланған. Алдағы уақытта осындай акциялар өңірде ғана емес, өзге қалаларда өткізілмек.
664 қаралым