Жарияланды: 02.04.2023

САУРАНДЫҚ БАЛУАН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Семей қаласында еркін күрестен 17 жасқа (U-17) жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында 51 келі салмақ дәрежесінде топ жарған Олжас Жауынбаев пен оның бапкері Нұрахан Өтепбергеновты арнайы қабылдап, мерейлі жеңістерімен құттықтады.
Ел чемпионы атанған түркістандық балуанның бапкері Нұрахан Өтепбергеновтің айтуынша, келешегінен зор үміт күттіретін шәкірті бұған дейін де көптеген жарыстарда топ жарып, республика, облыс көлемінде жеңімпаз және жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Кешегі Семей қаласында өткен ел біріншілігінде барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, чемпион атанып, Азия және Әлем чемпионатына жолдама алғанын қуанышпен жеткізді.
Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев жас балуанға алдағы уақытта ел намысын қорғап, биік белестерді бағындыра беруіне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, ауданның спорт саласының дамуына қосқан үлесі үшін арнайы Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
374 қаралым