Жарияланды: 14.05.2023

Теннистен ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдері іріктеу турнирінің қола жүлдегері атанды

Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Азия — Тынық мұхит аймағы бойынша теннистен әлем чемпионатының іріктеу турнирі мәресіне жетті.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, қазақстандықтар қола жүлде үшін матчта Таиланд құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Алдымен Заңғар Нұрланұлы қарсыласын 7:5, 6:0 есебімен ұтты.

Әмір Омарханов 20 минут ішінде есепті 6:0, 1:0 қылды. Содан кейін таиландтық ойыншы бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Қазақстан намысын Ә.Омарханов пен З.Нұрланұлына қоса Дамир Жалғасбай қорғады. Капитаны — Сергей Квак. Дене дайындығы бойынша бапкер Дмитрий Костецкий.

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов жасөспірімдердің осынау табысын атап өтіп, салада жасалған жұмыстың нәтиже беріп келе жатқанын жеткізді.

Осылайша, күзде Испанияның Кордоба қаласында 16 жасқа дейінгі жаспірімдер арасында өтетін Дэвис және Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде алғаш рет қазақстандық қыздар мен ұлдар құрамалары бақ сынайды.

269 қаралым