Жарияланды: 13.05.2023

Қазақстан СІМ-де Ұлыбританияның Корольдік қорғаныс зерттеулер колледжінің өкілдері үшін брифинг өтті

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ұлыбританияның Корольдік қорғаныс зерттеулері колледжінің (RCDS) қатысушыларына брифинг өткізді.

«RCDS» – Құрама Корольдіктің және басқа елдердің аға офицерлері мен лауазымды тұлғаларын даярлауға арналған Ұлыбританияның әскери академиясының колледжі.

«Жаһандық стратегия» бағдарламасы аясында Қазақстанға келген топтың құрамына АҚШ, Аустралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Катар, Кувейт, Ливан, Непал, Румыния, Ұлыбритания, Чили және басқа елдердің өкілдері кірді.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстан Республикасының теңгерімді көпвекторлы сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы хабардар етілді. Р. Василенко Қазақстанның Орталық Азия елдері, Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Азия, Таяу және Орта Шығыс елдерімен ынтымақтастығы туралы егжей-тегжейлі хабарлады.

Брифинг барысында БҰҰ және ЕҚЫҰ шеңберіндегі Қазақстан Республикасының көпжақты форматтағы ынтымақтастығына, сондай-ақ өңірлік және жаһандық деңгейде қауіпсіздік пен орнықты дамуды нығайтуға бағытталған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты Астананың халықаралық бастамаларына ерекше назар аударылды.

Шетелдік делегация ұсынылған ақпарат үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның Орталық Азия өңірінде де, жалпы әлемдік аренада да өсіп келе жатқан маңыздылығын атап өтті.

248 қаралым