Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды Түркиядағы президент сайлауының бірінші кезеңінде жеңіске жетуімен құттықтады.
Президент сондай-ақ парламенттік сайлауда Әділет және даму партиясы бастаған республикалық альянстың жеткен жетістігін атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан мен Түркия президенттері бауырлас екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, Түркиядағы президент сайлауында дауыстардың 96,15 пайызын санау қорытындысы бойынша ешбір үміткер 50 пайыз жинай алмаған.
Anadolu агенттігінің хабарлауынша, Түркиядағы президент сайлауында берілген дауыстардың 96,15 пайызын санау қорытындысында кандидаттардың қажетті 50 пайызды жинай алмағаны анықталды. Белгілі болғандай, сайлаушылардың 49,42 пайызы қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанға дауыс берген. Оның басты бәсекелесі Кемал Кылычдароғлу 44,88% дауыс жинады.
Түркия заңына сәйкес, егер кандидаттардың ешқайсысы дауыстардың жартысынан көбін жинай алмаса, сайлаудың екінші кезеңі өтуі тиіс.
Дауыс берудің екінші кезеңі Түркияда 28 мамырға белгіленді, — делінген хабарламада.
Ал Анкарада жүздеген адам дауыс беру нәтижесін күтіп отыр.
Түркияда президент сайлауымен қатар, парламент сайлауы да өтуде. Ол жерде дауыстарды санау 95 пайызды құрады. Алдын ала нәтижелер бойынша, биліктің «Әділет және даму партиясы» – 49,47%, оппозициялық «Республикалық халық партиясы» 34,09% дауыс жинаған.