Жарияланды: 17.05.2023

Еуропалық парламентте Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бүгін Еуропалық парламенттің Орталық Азия бойынша Халықаралық сауда комитетінің Тұрақты баяндамашысы Роман Хайдермен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары туралы пікір алмасты. Еуропалық парламенттің салалық құрылымдарымен, оның ішінде Халықаралық сауда комитеті (INTA) мен Көлік және туризм комитетімен (TRAN) өзара іс-қимыл мәселелері жеке қарастырылды.

Р. Василенко Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне жол ашқанын және экономикадағы құрылымдық өзгерістері үшін берік негіз қалағанын хабарлады. Енді мемлекеттің басты назары экономиканы жүйелі әртараптандыруды қоса алғанда, өзекті экономикалық мәселелерді шешуге аударылады.

Өз тарапынан еуродепутат Р. Хайдер Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы парламентаралық байланыстардың күн тәртібін кеңейтудің, оның ішінде биыл Брюссель қаласында «Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 20-шы отырысын өткізу шеңберінде кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Анықтама: Р. Хайдер Қазақстанға 2023 жылғы 18-19 мамырда Алматы қаласында өтетін «Еуропалық одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумына қатысу үшін келді.

219 қаралым