Жарияланды: 18.05.2023

Қасым-Жомарт Тоқаев CITIC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжу Хэсинді қабылдады

Мемлекет басшысына бүгін CITIC компаниясы энергетика және мұнай химиясы өнеркәсібі салаларындағы жобаларды бірлесіп іске асыру үшін қазақстандық әріптестерімен бес коммерциялық құжатқа қол қойғаны туралы мәлімет берілді. Келісімдердің жалпы көлемі 1,6 миллиард доллардан асады.

Қасым-Жомарт Тоқаев CITIC Group компаниясы Қазақстанның сенімді инвестициялық серіктесі екенін атап өтіп, кәсіпорынға табыс тіледі.

Мемлекет басшысының айтуынша, мұнай-газ саласы талай жылдан бері табысты әріптестіктің негізі болып келеді.

– Біз мұнай экспортын көбейту үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қолданыстағы құбырлардың (яғни, «Атырау-Кеңқияқ» және «Кеңқияқ-Құмкөл») мұнай тасымалдау мүмкіндігін арттыру да өзекті мәселе.  Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі артып келеді. Сондықтан Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік әлеуетін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға жеткізу көзделген.  Біз бұл салада көптен бері CNPC-мен бірге табысты жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан үшін газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін кеңейту  басым бағыттың бірі саналады. Осы ретте «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді мұнай құбырының екінші желісін салу өте маңызды. Сондай-ақ Қашаған кен орнында жылына 4 миллиард текшеметр газ өңдейтін зауыт салуға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.

294 қаралым