Әңгімелесу барысында тау-кен металлургиясы және шикізатты терең өңдеу салаларындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа қытайлық компанияның KAZ Minerals кәсіпорнымен бірлесіп, Қазақстанда мыс балқыту зауытын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру жоспары туралы мәлімет берілді.
Мемлекет басшысы осындай ірі жобаларды іске асыру – елдеріміз арасындағы табысты серіктестіктің нәтижесі екенін атап өтті.
– Қазақстанда өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Атап айтқанда, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданды. Отандық кәсіпорындар алюминий, мыс пен мырышты арзан бағамен сатып алады (Лондон металл биржасындағы бағалардан 5 пайызға арзан). Бұдан бөлек, ішкі нарықтың сұранысын толық өтеу үшін осы металдардың экспортын ретке келтіру жоспарда бар, – деді Мемлекет басшысы.
Президент еліміз сирек кездесетін металдардың мол қорына ие екенін айтып, осындай кенді өндірудің және өңдеудің озық технологиясын енгізуге мүдделі екенімізді жеткізді.