Жарияланды: 18.05.2023

Мемлекет басшысы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің президенті Цзинь Лицюньді қабылдады

Әңгімелесу барысында Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің Қазақстандағы қызметін дамытуға қатысты алдағы жоспары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев банкпен арадағы ынтымақтастыққа жоғары баға беріп, 2015 жылы еліміз Қытайдың осы банкті құру жөніндегі бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдағанын айтты.

Осы уақыт аралығында АИИБ Қазақстанда жасыл энергетика саласына және пандемия салдарымен күреске қатысты жобаларды жүзеге асыруға атсалысты. Кездесуде Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Президент қытайлық іскерлік орта өкілдерін қаржы саласындағы серіктестікті нығайтуға шақырып, оларға «Астана» халықаралық қаржы орталығының  артықшылықтарын айтып берді.  Қазір Қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден астам компаниясы тіркелген. Олардың оннан бірі – Қытай компаниялары. Оған қоса, келешекте China International Capital Corporation (CICC) ұйымы Қазақстанда өзінің аймақтық бөлімшесін ашуды ойластырып жатыр.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард  доллардан асты, — деді Мемлекет басшысы.

267 қаралым