Жарияланды: 24.05.2023

Президент Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысу үшін «Зарядье» концерт залына келді

Мемлекет басшысын Ресей Президенті Владимир Путин қарсы алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Еуразиялық экономикалық форумындағы сөзі:

«Енді Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын айқындау қажеттігі туралы сұрағыңыздың екінші бөлігіне тоқталып өтейін. Кез келген істі қолға алғанда әрдайым қазіргі проблемаларды ғана шешіп қоймай, келешектегі жұмысты да жоспарлау керек екені сөзсіз. Сондай-ақ айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек.

Мұның бәрінің берік негізі болуға тиіс. Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болады. Ал біздің Одақтың іргетасы не? Одақ туралы келісімді толыққанды жүзеге асыру негізгі мәселе және солай бола береді.

Яғни, «төрт еркіндік» және инфрақұрылымға тең дәрежеде қол жеткізу, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек»

 «Экономикалық интеграция түпкі мақсат емес. Бұл тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды.

Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады.

Біз үшін, 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие»

194 қаралым