Жарияланды: 25.05.2023

Мединада Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту талқыланды

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі, Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Берік Арын Медина ислам университетінің (МИУ) президенті, корольдік отбасының мүшесі, ханзада, профессор Мамдух бен Сауд Әл-Саудпен кездесті.

Кездесу барысында білім саласындағы екіжақты ынтымақтастық, оның ішінде ислам ғылымы және білім беру мәселелері талқыланды. Осы тұрғыда қазақстандық дипломат сұхбаттасына Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесі, ғылым мен білім беру жүйесін жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ Қазақстанның жоғары оқу орындарының қызметі туралы айтып берді.

Елші мемлекет басшылығының жастар үшін жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға деген ұмтылысын ерекше атап өтті. Жоғары білім беру жүйесін реформалау және оны қарқынды дамыту, сондай-ақ озық ғылыми-білім беру орталықтарын құру және оларға қолдау көрсету жолындағы Корольдіктің жетістіктерін жоғары бағалады.

Өз кезегінде профессор М. Әл-Сауд студенттерді университетке оқуға қабылдаудың рәсімдері мен құқықтық негіздері туралы айтып берді. Ол Елшіні университеттің көзқарасымен, сондай-ақ университетті дәстүрлі ислам құндылықтары мен технологиялар және жасанды интеллект саласындағы әлемдік жетістіктерді біріктіретін жетекші әлемдік ислам ғылыми-білім беру орталығына айналдыруға бағытталған оқытудың инновациялық әдістерімен егжей-тегжейлі таныстырды.

МИУ басшысы университетте бай кітапхана қоры, түрлі мұрағат құжаттары мен ортағасырлық ислам ғалымдарының қолжазбалары бар екенін атап өтті. Осыған байланысты, тараптар бұл бағыттағы ынтымақтастықты жолға қою қазақстандық ғалымдар мен тарихшыларға Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихына қатысы бар ежелгі қолжазбаларды терең зерттеу және зерделеу үшін бірегей мүмкіндік беретініне келісті.

Сонымен қатар профессор М. Әл-Сауд МИУ мұсылман елдерінде де, батыс мемлекеттерінде де ірі халықаралық исламдық жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқанын атап өтті.

Осы ретте ғылыми-білім беру саласындағы екіжақты байланыстарды кеңейту және нығайту мақсатында Б. Арын МИУ президентіне Медина ислам университеті мен «Нұр-Мүбарак» университеті арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сапар барысында Б. Арын Ислам университетінде түрлі факультеттерде оқитын қазақстандық студенттермен кездесіп, олардан оқу үшін жасалған жағдай, студенттік өмір, сондай-ақ Қазақстанның Елшілігі мен Бас консулдығы тарапынан тиісті көмек талап етеін мәселелер туралы сұрады.

Студенттерге арнаған сөзінде Елші қазақстандық студенттерді мәдени-танымдық іс-шараларды, спорттық жарыстарды бірлесіп өткізу арқылы неғұрлым белсенді өзара іс-қимылға шақырды және қажет болған жағдайда Елшілік пен Бас консулдықтың барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін атап өтті.

АнықтамаМедина ислам университеті 1961 жылғы 6 қыркүйектегі №11 корольдік жарлықтың негізінде құрылды. Діни факультеттер мен мамандықтардан басқа, МИУ студенттерге араб тілін, IT және компьютерлік технологияларды, инженерлік-техникалық мамандықтарды ұсынады.

Осы уақытқа дейін МИУ-де 110 қазақстандық білім алған, оның ішінде 1 ғылым докторы, 7 магистр және 102 бакалавр деңгейлері кіреді. Қазіргі уақытта университетте Қазақстаннан 40-тан астам студент білім алуда.

204 қаралым