Жарияланды: 25.05.2023

Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қоры Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Қазақстан Елшісі Берік Арын Сауд Арабиясы Корольдігі Мемлекеттік инвестициялық қорының Бас хатшысы Саад Әл-Крудпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен инвестициялық қорлар арасындағы ынтымақтастықты арттыру, соның ішінде екі елдің әл-ауқат қорлары арасында тығыз ынтымақтастық орнату және түрлі салаларда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны еліміздегі инвестициялық мүмкіндіктермен және ҚР экономикасының ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібі секілді серпінді салаларын дамытудың үлкен әлеуетімен таныстырды, сондай-ақ Қазақстанда алдағы ірі халықаралық қаржы-экономикалық іс-шаралары, оның ішінде 2023 жылғы 8-9 маусымда өтетін Астана халықаралық форумына дайындық барысы туралы айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің мүдделеріне сай келетін ынтымақтастықтың нақты бағыттарын дамытуға келісті.

Анықтама: Мемлекеттік инвестициялық қор «Saudi Vision – 2030» стратегиялық бағдарламасына сәйкес Корольдік үшін қаржылық кірістер мен ұзақ мерзімді пайда алуға бағытталған стратегияны жүзеге асыра отырып, Сауд Арабиясының негізгі инвестициялық институты ретінде қызмет етеді.

Қазіргі уақытта қор жалпы активтері 600 млрд АҚШ долларынан асатын әлемдегі ТОП-10 ең ірі әл-ауқат қорлардың бірі болып табылады, сондай-ақ ұлттық және халықаралық деңгейде тартымды ұзақ мерзімді жобалар мен мүмкіндіктерге инвестициялау арқылы әлемдік деңгейдегі әртараптандырылған портфолио құруда.

140 қаралым