Жарияланды: 29.05.2023

Қазақстан мен Иордания СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Иордания Хашимит Корольдігі Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер және экспатрианттар министрі Айман Сафадимен телефон арқылы сөйлесіп, оның барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

А. Сафади қазақстандық әріптесін жоғары лауазымға тағайындалуымен құттықтап, жауапты жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде М. Нұртілеу сұхбаттасушыға жылы лебіздері үшін алғысын білдіріп, қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Иордания СІМ басшысы саяси диалогтың жоғары деңгейін атап өтіп, осы орайда инвестиция, туризм, азық-түлік қауіпсіздігі, IT және өзге салалардағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытатынын жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта Иордания Королі Абдалла ІІ бен Хуссейннің Қазақстанға ресми сапары жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Сұхбат қорытындысы бойынша тараптар жуық арада сыртқы істер министрлері деңгейінде қарымта сапарлар жасауға уағдаласты. Телефон арқылы сөйлесу Иордания тарапының бастамасымен өтті.

191 қаралым