Жарияланды: 31.05.2023

БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Өңірлік бюросы Қазақстанның азаматсыздықты қысқартуға қосқан үлесін жоғары бағалады

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш Азия және Тынық мұхит аймағы үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының (БҰҰ БЖКБ) Өңірлік бюросының директоры Индрика Ратваттемен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қ. Тумыш азаматсыздықты қысқарту, босқындарды, іштей қоныс аударған адамдарды, сондай-ақ азаматтығы жоқ тұлғаларды қорғау және оларға гуманитарлық көмек беру саласында Қазақстан қабылдап жатқан шаралар туралы ақпарат берді.

Өз тарапынан И. Ратватте азаматсыздықты қысқарту саласында Азия және Тынық мұхит аймағында ең үлкен ілгерілеу Орталық Азияда, әсіресе Қазақстанда жеткенін атап өтті. Ауғанстанға қолдау көрсетуде, соның ішінде гуманитарлық көмек бөлуде Қазақстанға алғыс білдірілген болатын. БҰҰ БЖКБ Өңірлік бюросы басшысының сөздері бойынша, 40 млн ауғандық арасынан 28 млн ауғандыққа көмек қажет. Қазақстан 2023 жылғы желтоқсанда Женевада өтетін Босқындар мәселелері бойынша жаһандық форумға жоғары деңгейде қатыса алатынына үміт білдірілген болатын.

Кездесу нәтижесінде тараптар Қазақстан мен БҰҰ БЖКБ арасындағы барлық мүдделі мәселелер бойынша жемісті ынтымақтастықты жалғастыру ниетін растады.

Анықтама: Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы (БҰҰ БЖКБ) – мақсаты босқындардың, күштеп қоныс аударылған қауымдастықтар мен азаматтығы жоқ адамдардың өмірін сақтау, құқықтарын қорғау және жақсы болашақты қамтамасыз ету болып табылатын халықаралық ұйым.

БҰҰ БЖКБ-ның негізгі миссиясы – босқындарды репатриациялау немесе жаңа қоғамдарға интеграция мақсатында мемлекеттерге және үкіметтік емес ұйымдарға көмек көрсету арқылы босқындарды халықаралық қорғауды қамтамасыз ету және олардың мәселелеріне ұзақ мерзімді шешімдерді табу.

281 қаралым