Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Мәскеуде «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Еуразиялық экономикалық форумына қатысып, сөз сөйледі.
Президент 2020 жылы Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттары қабылданғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Экономикалық интеграция түпкі мақсат емес. Бұл тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды. Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады. Біз үшін, 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие» деп ұйымның экономикалық тұрғыда дамуына баса назар аударды.
Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз айтқандай, біз қазақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Қазақстан Еуропалық Одақ, АҚШ, Түркі мемлекеттері, іргеміздегі барлық көршілерімізбен және әлемнің барша елдерімен өзара тең әріптестікке негізделген, ұлттық мүддемізден туындаған прагматикалық жолмен экономикалық, дипломатиялық байланыс орнатып келеді. Аталған ұйымның да еліміз үшін негізгі артықшылықтары — бірыңғай кедендік нормалар базасында экспортты жеңілдету, бажсыз сауда, әлемнің басқа экономикалық макроаймақтарына шығатын жаһандық көлік жолдары сынды экономикалық мүмкіндіктер екені белгілі.
Сонымен қатар Президент Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын анықтау қажеттігіне назар аударды.
– Кез келген істі қолға алғанда әрдайым қазіргі проблемаларды ғана шешіп қоймай, келешектегі жұмысты да жоспарлау керек екені сөзсіз. Сондай-ақ айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек. Мұның бәрінің берік негізі болуға тиіс. Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болады. Ал біздің Одақтың іргетасы не? Одақ туралы келісімді толыққанды жүзеге асыру негізгі мәселе және солай бола береді. Қазақстан 2015 жылғы Шарттың негізінде дәл осы интеграцияны қолдайтынын тағы да атап өткім келеді. Яғни, «төрт еркіндік» және инфақұрылымға тең дәрежеде қолжетімділік, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек. Бұл – біздің ортақ ісіміздің негізгі қағидаттары. Қазақстан дәл осы қағидаттарды ілгерілетеді», — деді Президент.
Бұл орайда, жаhандық экономикалық көрсеткіштердің құбылмалылығына қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы ЖІӨ-нің 3,1% ($225,2 млрд) деңгейіндегі өсу қарқынына қол жеткізді.
Алдағы уақытта да халқымыздың әл-ауқатын жақсарту мақсатында дипломатиялық, экономикалық байланыстарымызды әлемнің барша елдерімен, барлық көршілерімізбен тең әріптестік пен мемлекеттік мүддеден туындаған прагматикалық ұстаным негізінде дамыта беретінімізге сенім мол.
Сейдолла Садықов,
ХҚТУ профессоры, филология ғылымдарының докторы