Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілдігінде танымал қазақстандық дипломат Мадина Жарбосынованың БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетіне үміткерлігін таныстыру өтті.
Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияға қатысушы елдердің делегациялары алдында сөйлеген сөзінде М. Жарбосынова ұлттық және жаһандық деңгейде әйелдер мен қыздардың құқықтарын ілгерілету және қорғау мәселесі бойынша Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар ҚР өкілі еліміздің прогрессивті бастамалары мен оларды өңірлік алаңдарда жүзеге асыру мәселелерін де атап өтті.
Қазақстан кандидаты жиналған қауымды түрлі халықаралық форумдардағы гендерлік теңдікті, адам құқықтарын ілгерілетудегі өзінің тәжірибесі, сондай-ақ сайланған жағдайда Комитет жұмысына қосатын үлесі секілді жоспарларымен бөлісті.
Сонымен қатар М. Жарбосынова Женевадағы Қазақстан мен Бельгия тұрақты өкілдіктері және Еуропа Кеңесінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткен «Ыстанбұл конвенциясы іс жүзінде. Сексуалдандырылған зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді қолдау» арнайы іс-шарасында баяндамашы ретінде сөз сөйледі.
Қазақстандық спикер Ыстанбұл конвенциясына қосылу мүмкіндігі тұрғысында еліміздің атқарылып жатқан жұмыстары туралы хабарлады. Талқылау барысында ол әйелдер мен қыздардың құқықтарын қорғау бойынша Қазақстан қабылдаған оң шараларды, сондай-ақ осы бағыттағы басымдықтарымызды атап өтті.