Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданының аумағында орналасқан «Агро Фуд Қазақстан» ЖШС-нің қарқынды бау шаруашылығын қарқынды дамытып отыр. Жұмысын бастағанына бір жыл ғана болған бақ бүгінде 250 гектар аумақты қамтып отыр. Бүгінде мұнда 130 адам жұмыспен қамтылған. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Қазіргі таңда қарқынды бауда 22 гектарға шие, 13 гектарға өрік, 70 гектарға шабдалы және 92 гектарға алма көшеттері егілген. Бұл өңірдегі ірі жобалардың бірі. Айта кетерлігі, 70 гектар аумаққа шабдалы облыста алғаш рет егіліп отыр. Бұрын соңды үлкен көлемде облыста шабдалы егілген емес. Бүгінде өңірдегі сауда сөрелерін импорт өнімдер жаулап алғаны белгілі. Әсіресе облысымызда шабдалы шаруашылығымен айналысатын бұден өзге серіктестік жоқ. Сондықтан да болар бұл өнім нарықта тапшы. Тек жеке бауларында ғана өсірген өнімдерін аз кем базарда саудалайтындар бар. Алдағы уақытта серіктестік өнімімен бүкіл нарықты жаулап алуды көздеп отыр. Баудан алдағы уақытта 60 тонна алма өнімін алу жоспарланып отыр. Облыстағы орташа көрсеткіш 15 тонна екенін ескерсек, мұндай өнім Түркістан облысында бұрын-соңды болмаған. Осындай озық тәжірибелерді өзге аудандарда да пайдаланып, интенсивті баулар санын арттыруымыз қажеттігі туындап отыр. Ақжар ауылындағы ірі шаруашылық биыл мол өнім жинаудан үмітті.
Жарияланды: 07.08.2018