Жарияланды: 15.06.2023

МЕНІҢ ТӘУЕЛСІЗ БАЙТАҚ ЕЛІМ!

Егемен

 

 

Қайсар рух пен нар күшті қару етіп, еркіндік үшін күрескен ата-бабаларымыздың ерлік жолындағы еңбегінің арқасында бүгінгі күні Қазақ елінің тұғыры берік, мәртебесі биік. Жұмыр жер атты ғаламшардың дәл ортаңғы иен бөлігін иемденіп, жер көлемі жағынан дүниежүзі бойынша тоғызыншы орында тұрған Қазақстан Тәуелсіз Республикасы деген атақты осыдан отыз бір жыл бұрын күллі адамзаттың санасына құйды. «Тәуелсіз» деген сөздің астында үлкен мән-мағына жатыр. Терезесі тең, керегесі кең, ешкімнің айтқанына көнбей өз дегенімен жүріп, басқа елдермен бірдей дәрежеде өмір сүрген, біз үшін, әрбір Қазақстан азаматы үшін нағыз бақыттың үлгісі іспетті. Себебі менің ойымша, бейбіт заманда тыныш өмір сүргеннен артық бақыт жоқ шығар, сірә! Қазіргі таңда қазақ елі жан-жақты өркендеп, дамып келе жатқан алып әсем елге айналып келе жатыр. Сондай елдің төсінде дүние есігін ашып, өмір баспалдағынан өз жолын бастаған мен сынды патриот перзентке елімнің болашағы, арманымдағы Қазақстаным жайлы ақ қағазбен тілдесу бұйырған сынды.

Халқымыздың тарихына терең үңілетін болсақ, жасынан жарқыраған күміс көмей әнші, жыршы, нар тұлғалы палуан, қасық қаны қалғанша күрескен батырлардың елі мен жері үшін еш аянбағаны баршамызға белгілі. Осындай жерді келешек ұрпағына аманат етіп қалдырды. Ал қазақта өте жақсы сөз бар. «Аманатқа қиянат жасама» деген. Бүгінгі таңда еліміз қаншама ұйымдарға мүше, әлемдік сахнада кез келген мәселеге қатысты өз ойын еркін айта алады. Басқа елдер қызыға қарайтындай табиғи байлық та, ресурс та, жер де жетерлік. Бірақ осы тұста бір сұрақ мазалайды. «Бар байлығымыз қайда жұмсалуда?», «Берілген құндылықтарды дұрыс жаққа жұмсап жатырмыз ба?» деген. Ия, еліміз даму үстінде. Бірақ қазіргі таңда өз ішімізде айтарлықтай проблемалар баршылық. Солардың бірі – жемқорлық дер едім. Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті дерттердің қатарында. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де бұл кесел айналып өткен жоқ. Әлі де, күресу үстіндеміз. Менің ойымша, бұл дертпен кұресу үшін әлі де талай жылдар қажет. Себебі, әр адам өзінің санасын өзгертпегенше, өзін тәрбиелемегенше, әділ болуды үйренбегенше бұл дерттен құтыла алмайтынымыз анық. Қазір Қазақстанның көп жерлерінде мәселелерді ақшамен, таныспен оп-оңай шешуге болады. Әділетсіздік қоғамда белең орын алатын болса, онда ол елдің болашағына өз әсерін тигізеді.  Неге бұл мәселені алдым десеңіздер, менің арманымдағы Қазақстанда ешқандай таныс, жемқорлық деген нәрсе жоқ. Тек қана ақыл-ой, таза күш деген нәрселер басымдықта тұр. Сонда ғана, біз еліміздің нағыз таланты бар, ақыл – ойы дамыған, қиялы ұшқыр жастардың бәсекелесі жүретін болады. Ал шынайы бақталастық болған жерде – өсу, өркендеу процесі де қатар жүреді. Бұл – өмір заңдылығы. Жемқорлық жойылса, басқа елдер сияқты дамудың ең жоғарғы деңгейіне жол ашылады. Біз армандаған, технологиясы мықты дамыған Қазақстан сол деңгейдің арғы жағында. Әрине ол үшін алдымен жас ұрпақтың санасын тазартып, оларды тәрбиелеу керекпіз. Себебі жастар —  ел ертеңі. Еліміздің қандай бағытта, қалай қарай дамитындығы жас ұрпақтың қолында. Сондықтан да, ел президенті ҚасымЖомарт Тоқаев өз жолдауларында жастарға жағдай жасап, барынша қолдау көрсету керек екендігін атап өтті. Мен, жас ұрпақ ретінде бізге осындай жағдай жасап беріп жатқан Президентімізге ризамын. Ол кісінің кез келген бастамасын оң қолдап қолдаймыз. Ел басшысының сарабдал саясаты елімізді дамудың жаңа бір шыңына алып келе жатқандығына сенімдімін.

Бастысы тәуелсіздігіміз бар, енді бәрі болады, бәрі орнына өзінен- өзі толады деп, күткенді қойып,  жігерді құм етпеуіміз керек. Абай атамыз айтқандай, мал табу жолына түсуіміз қажет. Жастардың алдында тұрған негізгі міндет – талмай, тынбай оқу, сұранысқа ие маман болу. Тәуелсіз еліміздің  азаматы – ары биік, зейінді, пейілді, патриот жан. Біз, әрбір Қазақстан азаматы жарқын болашақ, ата-баба аңсаған игі мақсаттың орындалғанын қалаймыз. Қазақстанды тұтас бір мозаика ретінде алсақ, ал оны құрайтын жеке жеке пазлдары сіз бен біздің қолымызда. Теңізге қосқан тамшыдай үлесіміз болсын. Мидағы шегі жоқ шектеуді алып тастап, әрекет етіп, арманымыздағы Қазақстанның әсем бейнесін құрауға бірге атсалысайық , — дегім келеді.

 

 

АРДЫКАНОВА МАДИНА ДИДАРҚЫЗЫ

 

 

 

 

434 қаралым