Мемлекет басшысы Shell концернінің бас атқарушы директоры Уаэль Сауанмен кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа трансұлттық компанияның энергетика және мұнай химиясы салаларында жүзеге асырып жатқан жобалары туралы мәлімет берілді. Кездесу барысында Қазақстан мен компанияның мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығының перспективалары талқыланды.
«Ройял Датч Шелл плс.» – мұнай мен табиғи газды барлау мен өндіру, қайта өңдеу мен маркетингін жасау, сондай-ақ мұнай-химия өнімдерін өндіру мен сату саласындағы мамандандырылған халықаралық энергетикалық концерн.
Штаб-пәтері Гаага (Нидерланд) қаласында орналасқан. 70-тен астам елде 80 000-нан астам қызметкері бар.
«Шелл» концерні Қазақстан Республикасындағы ең алғашқы ірі шетелдік инвесторлардың бірі. Биыл «Шелл» компаниясы Қазақстан нарығына келгеніне 30 жыл толды.