Жарияланды: 09.08.2018

Еңбекшілік егіншілердің еңбегі ерен

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт өңірінде егін орағының нағыз қызған шағы. Диқандар маңдай термен өсірген ризықты шашпай-төкпей жинап алуды мақсат тұтып отыр. Қ.Әбдәлиев ауылдық округіне қарасты Еңбекші елді мекеніндегі «Үшбастау» өндірістік кооперативі 2002 жылы құрылған. Астық өндірумен айналысатын кооперативте 1690 гектар егістік алқап бар. Шаруашылық биыл 750 гектар жерге күздік бидай, 50 гектарға арпа, 260 гектарға мақсары дақылын егіпті. 630 гектар парға айдалған. Өздерінің қалыптасқан тәжірибесіне сүйенген еңбекшілік егіншілер ұйымшылдықпен қамбаны қызыл дәнге толтыруда, деп хабарлайды okg.kz. Егіндік алқапты аралағаннан кейін өндірістік кооператив төрағасын әнгімеге тарттық. Арын Қалшабеков орташа өнім гектарына 20-25 центнерді құрағанын, техника, адам күші жеткілікті екенін айтады. Ұжым 5 «К-700», 3 «Нива-Эффект» комбайнымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, ол жұмысшылардың еңбекақысын уақытынан кешіктірмеуді, әлеуметтік жағдайларын жақсартып, әрдайым көмектесіп отыруды бәрінен де маңызды іс санайды. Сондықтан да бұл шаруашылықта күнкөрісі төмен отбасыларға, кооператив мүшелеріне ұн, жем-шөп таратылып беріледі.

А.Бермұханова

977 қаралым