Қасым-Жомарт Тоқаев Антонелла Бассаниді Дүнижүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банк осы уақытқа дейін Қазақстандағы түрлі жобаларға 8 миллиард доллардан астам қаржы бөлгенін атап өтіп, қаржы институтының елімізбен серіктестігі жалғасын табатынына сенім білдірді.
Президент елімізде көмірсутегі бейтараптығына жету үшін 2035 жылға дейін жалпы қуаты 10 ГВт «таза» энергия өндірісін іске қосу, сондай-ақ Транскаспий көлік бағдарын дамыту жобалары жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек, Қазақстан Дүниежүзілік банк тарапынан ұзақмерзімді инвестицияға мүдделі екенін растады.
Антонелла Бассани Қасым-Жомарт Тоқаевқа Дүниежүзілік банктің Қазақстанда және Орталық Азия аймағында жүзеге асырылып жатқан жобалары мен алдағы жоспарлары жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ ол жаһандық экономиканың дамуына қатысты өзінің пікірін айтты.