Жарияланды: 19.06.2023

ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕ «АЙБЫНДЫ АУЛА» АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМІ ГРАН-ПРИ ИЕЛЕНДІ

Бүгін Түркістанда облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Алтын Сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі өз мәресіне жетті.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы қатысты.

– Руханият ордасына айналған Түркістанда еліміз үшін маңызы зор саналатын Ұлттық құрылтайдың өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Облыстың 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алтын сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалінің осындай келелі жиынмен тұспа-тұс келуі шараның маңыздылығын арттырып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды ілгерілетуге Сіздердей шығармашылық адамдардың қосар үлесі мол. Түркі тілдес елдердің ынтымағы артып, Түркістанымыз көркейе берсін! – деді Мұқағали Кенжетайұлы.

Қазақ ұлттық анимациясын халықаралық деңгейге көтеру, Қазақ фольклорының кейіпкерлерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған фестивальге алыс-жақын шетелден 70-ке жуық анимациялық фильмдер қатысуға ұсыныс білдірді. Олардың ішінде Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан елдері бар. Ұйымдастыру алқасы мен «Қазақстан Аниматорлар Одағы» мамандарынан құралған «Сараптама кеңесінің» шешімімен 30 анимациялық фильм фестивальге қатысуға жолдама алған еді.

Халықаралық дәрежедегі анимация саласының мамандарынан құралған кәсіби қазылар құрамында «Қазақстан Аниматорлар Одағының» басшысы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, режиссер, Қазылар алқасының төрағасы Батырхан Дәуренбеков, «Сиах Марти» балалар телеарнасының президенті, белгілі анимация продюсері Нуруллах Иенихан, «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, режиссер, аниматор Жәнібек Оразалы, «Balapan» телеарнасының директоры Индира Омарбекова, «Өзбекфильм» анимациялық бірлестігінің режиссер аниматоры Азизбек Мухамедов, анимация бойынша бірнеше әдістемеліктің авторы, оқытушы, режиссер әрі продюсер Чынгыз Асаналиев, Әзербайжан Мемлекеттік «Мәдениет және Өнер академиясының» оқытушысы, сценарий бойынша педагог Рамиль Алекперов бар.

Қазылар алқасы шешімімен «Айбынды аула» анимацияық фильмімен «Гран при» режиссері Азамат Ерназаровқа бұйырды. Ал жүлделі І орын «Бақашабақ» анимациялық фильмімен режиссер Қуаныш Нағыз бен «Капитан Пенгу» анимациялық фильмімен түрік режиссері Али Қаражамға, жүлделі ІІ орын «Кенже Батыр» анимациялық фильмімен Өзбекстан елінен режиссер Жавлон Турдиходжаев пен «Қажымұқан» анимациялық фильмімен режиссер Аманғали Ерманға, жүлделі ІІІ орын «Тарихқа оралу» анимациялық фильмімен Әзербайжан елінен режиссер Жейхун Турксой мен «Марғау мен Мақта қыз» анимациялық фильмімен режиссер Арнұр Тұрлықожаға бұйырды.

Бұдан бөлек бірнеше номинация тапсырылды. Атап айтқанда «Үздік режиссер» номинациясымен «Бесік жыры» анимациялық фильмі (режиссер Ділшат Рахматуллин) мен «Үндеме» анимациялық фильміне (Режиссер Мейіржан Төлепбай), «Үздік қоюшы суретші» номинациясымен «Балалар жыламасын» анимациялық фильмі (режиссер Маржан Жұбаныш) және «Түркістан» анимациялық фильмі (режиссері Береке Жүнісов), «Үздік сценарий» номинациясымен «Дөңгелектегі үй» анимациялық фильмі (Режиссер Жасур Парпиев, Өзбекстан) мен «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмі (режиссері Шерхан Асан) марапатталды. Ал «Balapan» телеарнасының директоры Индира Тұрсынбай Қырғызстаннан келген жас режиссер Чынгыз Асаналиевке телеарна атынан арнайы жүлде тапсырды. Сонымен қатар барлық қатысушыға «САҚ» киностудиясының директоры, фестиваль ұйымдастырушысы Нұриддин Паттеев Алғыс хат табыстады.

Шара барысында фестиваль қонақтары қызыл кілемнен жүріп өтті. Сондай-ақ жеңімпаздардың құрметіне әннен шашу шашылып, жалпы фестивальдің өту барысынан күнделік бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.

487 қаралым