Қырғызстан астанасы Бішкекте U-23 жасқа дейінгі әйелдер арасындағы Азия чемпионатында түркістандық Нилуфар Раймова қола жүлдеге қол жеткізіп, ел мерейін үстем етті. Бапкері – ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Нұржігіт Ерімбетов. Үздіктердің арасынан оза шауып жүрген сайыпқыран Әбдісалан Нұрмаханов атындағы чемпиондар мектебінің спортшысы.
Балуан қыздың бұған дейінгі жетістігі де ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, Түркістан облысының, ел чемпионаты мен Халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Боз кілемдегі әр белдесуінде жүлделі орынды иеленуді мақсат тұтқан ол кезекті жеңісіне жуырда ғана Испания мемлекетінде өткен “JOVENES PTOMESAS” Халықаралық жарысында қол жеткізді.
Нилуфар 2021 жылы Ресей Федерациясы, Башқұртстан Республикасының астанасы Уфа қаласында күрес түрлерінен жастар арасындағы Әлем чемпионатында топ жарған болатын. 57 келі салмақта чемпион атанған балуан ақтық сында италиялық Аурора Руссоны 8:6 есебімен ұтып, өз салмағында үздік шықты. Ел мақтанышы осылайша 13 жылдан кейін әйелдер күресі тарихындағы жастар арасындағы көптен күткен екінші алтынға ие болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі