Жарияланды: 21.06.2023

Түркістанда түркиялық және отандық дін ғалымдарының қатысуымен семинар өткізілді

Бүгін Түркістан қаласында деструктивті діни ағымдардың белгілері және дерадикаландырудың тың тәсілдері түсіндірілген семинар өтті. Семинар жұмысына Түркия елінің ғалымдары арнайы шақырылып, облыстың дінтанушы-теолог мамандары және имамдарымен тәжірибе алмасты.

Түркістан облысы дін істері басқармасы ұйымдастырған шара аясында сала өкілдері біліктілігін арттырып қана қоймай, ғаламторда деструктивті сипаттағы керағар діни ағымдар мен олардың радикалды ұстанымдағы уағызшыларына қарсы иммунитет қалыптастыру жолдарын меңгерді.

Семинарға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, барлық аудан және қала әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, дін саласына жауапты өкілдері қатысты. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы модераторлық етіп жүргізіп отырды.

Спикерлердің құрамында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, «Нұр-Мүбарак» университеті «Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының директоры Тимур Нүсіпхан, Тобб Экономика және Технология университетінің профессоры, доктор Хилми Демир, Хитит университеті «Теология» факульетінің деканы Юнус Өзтүрік, Кастаману университеті Ихсан Оғыз ғылым зерттеу орталығының директоры, доцент, доктор Мұстафа Айкач, Мұхаммед Ихсан Оғыз қоры төрағасының өкілі, кәсіпкер Мемхмет Ихсан Оғыз және топ мүшесі, аталған университет академиясының бас сарапшысы, журналист-теолог Салтан Сайранұлы болды.

– Түркістан – байырғы заманнан шығыс шайырлары мен ғұламаларының орталығына айналған шаһар. Шығыста діни орталықтар мен діни дәстүрде тағылым беретін мектептер қалыптасқаны белгілі. Біз «Түркістан» мектебін жандандыруды қайта қолға алуымыз керек. Осы тұста, дін саласының қызметкерлері мен руханият бағытының белсенділеріне жүгінеміз. Имандылыққа ұйытып, дәстүрімізді дәріптеуге және ұлттық болмысымызды сақтауға қызмет ететін кәсіби деңгейдегі мамандардың қажеттілігін сезініп келеміз. Облыста 1100-ден астам имам болса, басым бөлігі саланы кәсіби түрде меңгермеген. Дін дегеніміз ең бірінші кезекті – білімділік пен тереңдікті қажет етеді. Сондықтан өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, былтыр дін саласының мамандары Мемлекеттік қызмет істері академиясында арнайы курсқа қатысты. Одан бөлек, «Нұр-Мүбарак» университетінде 100 имамның білімін жетілдіруді жоспарладық. Қазіргі таңда 47 маманымыз ілім алуда. Алдағы уақытта дін саласы қызметкерлерінің барлығын қамту, белсене атсалысу көзделген, – деді Бейсен Тәжібаев.

Іс-шара барысында Мұхаммед Ихсан Оғыз қорының демеушілігімен жарық көрген «Тағдыр кітабы» кітабының таныстырылымы өтті. Еңбекте Ислам ғалымдарының тағдырға қатысты көзқарастары, зерттеулері мен түсіндірмелері қамтылып, кейбір сенім мәзһабтары мен ағымдарға да ақпарат келтірілген.

Түркістан облысының бас имамы Ержан Сматұлы мұндай жиындардың жастардың жат ағымның жетегіне ілеспеуінің алдын алу, дұрыс бағытты насихаттау, дәстүрлі дінімізді толық ұстану, кітап оқуға шақыру, мәселелердің себебімен емес салдарымен күресуге маңызы зор екенін жеткізді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

281 қаралым