Жарияланды: 20.06.2023

Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан азаматтары үшін виза талаптарын жеңілдету мәселесіне қатысты пікірін білдірді

«Бұл өте маңызды аспект. Қазақстан азаматтарының Германияға келуін және Германия азаматтарының Қазақстанға келуін анағұрлым жеңілдететін мүмкіндіктерді қарастыруға біз де мүдделіміз. Өзіңізге мәлім, виза мәселесі Еуропалық Одақ деңгейінде, еуропалық ведомстволар деңгейінде қарастырылады. Сондықтан біз бұл мәселе бойынша ЕО ұстанымын құптаймыз».

Франк-Вальтер Штайнмайер неміс және қазақ кәсіпкерлері бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қандай қаржы көздеріне жүгіне алатыны жөнінде айтты:

 «Германия бизнесі қазір өзгеріс үстінде. Бұл жағдай, әсіресе, шикізатқа біржақты тәуелділік бар екенін анық көрсетті.  Шикізат көздерін және оларды жеткізу тізбегін әртараптандыру қажет. Бұл қазір германиялық кәсіпорындар үшін аса өзекті мәселе. Олар жаңа қолдау шараларын іздеп, жаңа келісімшарттар жасауға тырысып жатыр».

Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

– Сіз Германия мен Қазақстан арасындағы ұзақмерзімді қарым-қатынас жөнінде айттыңыз. Шын мәнінде, біздің байланыстарымыз берік. Былтыр екі елдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында ынтымақтастығымыз нығая түсті. Бұған Қазақстанда өмір сүретін неміс диаспорасы және Германия Федеративті Республикасына Қазақстаннан көшіп келген бір миллионға жуық немістер үлес қосты. Олар елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты жандандырды. Осы сапар арқылы екі ел арасындағы жан-жақты байланыстарға қатысты ұстанымдарымыз ортақ екенін жеткізгім келеді. Өзіңіз атап өткендей, қазіргі күрделі халықаралық жағдайда Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен серіктестікті кеңейтіп, қарым-қатынасымызды нығайтуды көздеп отырмыз, –  деді Франк-Вальтер Штайнмайер.

202 қаралым