Жарияланды: 20.06.2023

Қасым-Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымын тағы да айқындады

«Мен бұл күрделі мәселеге қатысты ұстанымымызды айқындадым.

Біріншіден, біз БҰҰ Жарғысын қатаң сақтауымыз керек. Әрине, Біріккен Ұлттар Ұйымын әлемде теңдесі жоқ әрі әмбебап ұйым ретінде қолдауға тиіспіз.

Екіншіден, біз Қытайдың, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің барлық бейбіт бастамасын қолдауымыз қажет.

Сондықтан жақын арада Украинадағы қарулы қақтығыс тоқтайды деп үміттенеміз. Содан кейін әлемнің осы бөлігінде берік бейбіт өмір орнайтыны туралы сөз қозғай аламыз.

Қазақстанға келетін болсақ, біз осы мақсатқа қол жеткізуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз.

Сонымен қатар біз – Ресеймен стратегиялық серіктеспіз және бірнеше ұйымның мүшесі екенімізді атап өткен жөн. Сондықтан біздің мақсатымыз – екіжақты және халықаралық ұйымдар аясында өзара ынтымақтастығымызды нығайту үшін Ресеймен тығыз байланысты сақтау».

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс елдері жариялаған санкциялардың сақталуына қатысты пікір білдірді.

«Біз, ең алдымен, ДСҰ ережелері мен нормаларын басшылыққа аламыз. Сондай-ақ халықаралық нарықта қабылданған барлық ережені сақтаймыз. Ал екі мақсатта қолданылатын тауарлардың Ресейге экспорты туралы айтар болсақ, бұл мүлдем шындыққа жанаспайды. Өйткені, жаңа ғана айтқанымдай, біз ДСҰ ережесін және Еуропалық Одақ жариялаған барлық санкция талаптарын сақтаймыз.

Әйтсе де, Ресеймен  сауда-саттық жасаймыз. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 28 миллиард долларға жетті. Бұл қолданыстағы халықаралық стандарттарға толық сай келеді».

209 қаралым