Жарияланды: 20.06.2023

Ректорлар форумында Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер сөз сөйледі

Мемлекет басшысы мұндай кездесулер өзара тәжірибе алмасып, тиімді байланыстар орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің ғылыми әлеуетін арттыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

– Германияның беделді ғалымдарынан құралған делегацияны елімізге алып келгені үшін әріптесім Президент Штайнмайерге  ризашылығымды білдіремін. Бірлескен жұмысты табысты атқару үшін қажетті жағдайдың бәрін жасаймыз. Біздің ынтымақтастығымыз, достығымыз және бір-бірімізге тілеулестік ниетіміз табысты боларына сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Ректорлар форумында Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер сөз сөйледі. Ол екі елдің жоғары білім беру, ғылыми зерттеу және студенттерді оқыту ісіндегі ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтті.

Жиын аясында Қазақстан мен Германияның жоғары оқу орындары  арасында бірқатар келісімге қол қойылды. Жалпы, Ректорлар форумына 11 германиялық және 25 қазақстандық техникалық университеттің өкілдері қатысты.

Президенттің айтуынша, Қазақстан ғылым мен технологияны дамытуға, қолдауға, сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарының әлеуетін күшейту мәселелеріне баса мән береді.

– Мен Мемлекет басшысы ретінде бұл мәселеге айрықша мән беремін. Алдымызда ұзақ жол тұр. Дегенмен жолымыздағы барлық кедергіні сәтті еңсеретінімізге сенімдімін. Сондықтан біздің бұл бағыттағы міндеттеріміз айқын. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігіне анағұрлым белсенді болуды және бизнеске бағдарлануды тапсырдым. Мен жоғары технологияға басымдық беру қажет екенін үнемі айтып жүремін. Елімізде сапалы білім беретін университеттер жеткілікті. Алайда бізге сіздердің тәжірибелеріңіз керек. Германия көптеген елдің технологиялық дамуын ілгерілетуге септігін тигізетін технология саласындағы білім беру ісінде жетекші ел саналады, – деді Президент.

226 қаралым