Ерте көктемде егiстiк алқапта тiршiлiгiн жасап, жер жыртып, минералды тыңайтқыштарды дер кезiнде сеуiп, ағын суды орынды пайдалана бiлген диханның iсi оңға басып, тiрлiгi берекелi болары анық. Түркістан қаласы маңындағы Қарашық ауыл округiндегi «Насыр ата» iрiленген шаруа қожалығының 104 га алқабында бүгiнде жұмыс қызған. Диханшылықтың тiлiн бiлiп, табыстың дәмiн татып жүрген Заир Исмаилов жетекшiлiк ететiн шаруа қожалығының 20 га алқабында мақта, 20 га алқабында қауын-қарбыз, 10 га алқабында бидай, 25 га алқабында жоңышқа егiлген. Бiз барған күнi мақталықта ауыл тұрғындарының маусымдық жұмысқа тартылғанына куә болдық. Күндiк нәпақалары 1500 теңгенi құрайтын еңбеккерлер аптап ыстыққа қарамай мақталықты шөптерден тазартып, аянбай еңбек етуде. Мақтаның «Түркiстан» сұрпын еккен шаруашылық әзiрге мақталықты бiр рет суарған. Шаруашылықтың тынысымен таныстырған шаруа қожалығының мүшесi Ислам Исмаилов биыл мақтадан гектарына 27-30 центнерден мол өнiм алуды көздеп отырғанын жеткiздi.
Жарияланды: 10.08.2018