Жарияланды: 20.06.2023

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Германия бизнес-форумына қатысты

«Бүгінде Германия компаниялары біздің экономикамызға шамамен 6 миллиард доллар инвестиция құйды. Бұл инвестицияның шамамен 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екенін айта кеткен жөн.

Елімізде неміс капиталының үлесі бар 1000-нан астам компания белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың көпшілігі – әлемге әйгілі брендтер, ал басқалары – орта деңгейдегі отбасылық бизнес. Неміс компанияларының барлығын Қазақстанға шақырамыз. Батылдылыққа, нақтылыққа және жауапкершілікке негізделген неміс бизнесінің тәсілін бағалаймыз. Бұл қасиеттер бизнестегі табыс үшін өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Президент:

«Қазақстан Германияның, тіпті бүкіл Еуропа елдерінің индустриясына қажет табиғи ресурстарды игеруде сенімді серіктес болуға дайын.

Бүгін таңертең Штайнмайер мырзамен кездесу барысында табиғи ресурстарды бірлесіп барлау және игеру ісіндегі ынтымақтастығымызды нығайтуға келістік. Бұл Шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы серіктестік туралы үкіметаралық келісімге тың серпін береді».

Мемлекет басшысы:

«Көлік және логистика салаларында мүмкіндік мол. Қазақстан Еуразияның жүрегінде орналасқан. Мұның стратегиялық мәні зор. Қытай мен Еуропа арасындағы барлық құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызы біздің еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазіргі жаңа геосаяси жағдайда «Орта дәліздің» маңызы арта түсті. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға жүк тасымалдаудың ең қысқа әрі тұрақты бағыты.

2022 жылдан бастап Каспий дәлізі арқылы Еуропалық Одаққа мүше елдерге тасымалданатын жүк көлемі екі есе артты. Шығыс пен Батыс арасындағы ұлғайып келе жатқан сауда көлеміне қолдау көрсету үшін біз инфрақұрылымды жаңарту және кедергілерді жою жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз қазақстандық порттардың өткізу мүмкіндігін 30 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отырмыз.

Біз ЕуроОдақтың «Жаһандық қақпа» бастамасы мен біздің ұлттық деңгейдегі күш-жігеріміздің  синергиясына сенеміз. Біздің ресурсымыздан бөлек, нақты жобалар ЕҚДБ, ЕИБ және KfW неміс даму банкі арқылы да қаржыландырылуы мүмкін. Ертең Штайнмайер мырза Каспий теңізінің жағасындағы Маңғыстау облысына барып, осы Транскаспий халықаралық көлік бағытының зор әлеуетін өз көзімен көреді».

Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Біз SVEVIND Group компаниясымен құны 50 миллиард доллар болатын жасыл сутегін өндіру жөнінде келісімге қол қойдық. Қазір бұл – әлемдегі ең ірі жобалардың бірі. Қазақстанның осы саланы дамыту әлеуеті әлдеқайда зор.

Жасыл сутегі өндірісі экологиялық таза болат, алюминий және басқа да металдар өндірісіне жол ашады. Германияның жоғары технологиялық шешімдерімен және Қазақстанның ресурстарымен біз, шын мәнінде, алдымызға биік мақсаттар қоя аламыз».

Қазақстан Президенті:

«Германия – әлемдегі жетекші инновациялық орталықтардың бірі. Бұл ел технология мен ғылым саласында өте жоғары стандарттарды енгізуімен танымал. Біз Еуразиядағы өңірлік инновациялық және цифрлық орталық болуға ұмтыламыз.

Аталған салалардың берік іргетасын қалауды бастадық. Қазақстан цифрлық қызмет көрсету саласында өңірлік көшбасшы ретінде жоғары бағаланады. Осы мақсатта біз түрлі бағыттарға, соның ішінде технологиялық және цифрлық зерттеулерге және стартаптарға германиялық серіктестерімізді шақырғымыз келеді».

Мемлекет басшысы:

«Тағы бір маңызды бағыттың бірі – адами капитал саласындағы ынтымақтастық. Білім беру, біліктілікті арттыру және білім трансферті маңызды сала саналады. Бұл бағыттарды меңгермей, бәсекеге қабілетті болу мүмкін емес. Осы ретте Штайнмайер мырзаның ертең Ақтау қаласына сапары кезінде Каспий мемлекеттік университеті жанынан Қазақ-неміс инжиниринг институтының ашылуын құптаймын.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан техникалық университетінің жанындағы Қазақ-неміс ғылым және технологиялар институты осы маңызды индустриялық өңірдегі адами капитал мен бәсекеге қабілеттілікті одан әрі жетілдіруге ықпал етеді. Бұл институттар озық логистика, жасыл сутегі және жаңартылатын технологиялар үшін аса қажет пайдалы қазбалар өндіру секілді негізгі салалар бойынша мамандар даярлайды. Түлектер Қазақстан мен Германия дипломын қатар алады. Бұл – екі ел серіктестігінің тағы бір маңызды кезеңі. Болашақ түлектерді жұмысқа алатын Германия кәсіпкерлері елімізде өзін еркін сезінеді деп үміттенеміз».

239 қаралым