Жарияланды: 21.06.2023

30-дан астам елден және Қазақстанның барлық аймағынан келген еріктілердің өзара тәжірибе алмасатын ірі диалог алаңы өтуде

Президенттің сөйлеген сөзінен:

■ Волонтер болу бұл, ең алдымен, патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын көрінісі. Бұл – адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет;

■ Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан, бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз;

■ Өткен аптада Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Сол жиында отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, үнемшілдік, еңбекқорлық, жанашырлық секілді құндылықтар бәрінен биік тұруға тиіс екенін атап көрсеттім. Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Меніңше, барлық еріктілерді Адал азамат деуге болады;

■ Мемлекет басшысы ретінде мен «адамдар арасындағы дипломатия» қағидаты аясында халықаралық волонтерлік бағдарламалардың тиімділігі анағұрлым жоғары болады деп санаймын. Сонымен қатар ғұмырын басқаларға жәрдемдесуге арнаған жандар, әсіресе шетелдік қоғамдастық өкілдері, қандай да құрметке лайық және адамзаттың асылы деген атқа сай деп ойлаймын.  Шын мәнінде, сіздер бейбітшілік пен мейрімділік елшісі ретінде халықтардың арасын жақындатып, түрлі мәдениет пен өркениет арасындағы диалогқа дәнекер болып жүрсіздер;

■ Қазақстан волонтерлік қозғалысты алдағы уақытта да қолдайды. Осы саладағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығымызды нығайтуға дайынбыз. Астанада өтіп жатқан бүгінгі форум волонтерлік қызметтің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын. Форум жұмысына белсенді қатысқаныңыз үшін  баршаңызға алғыс айтамын. Сіздердің ізгі миссияларыңызға табыс тілеймін.

265 қаралым