Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвилимен келіссөз жүргізді. Шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулер ҚР Үкіметі басшысының ресми сапары аясында Тбилисиде өтті.
Әлихан Смайылов Қазақстан мен Грузияны бұрыннан келе жатқан достық және жан-жақты ынтымақтастық байланыстыратынын, ал екіжақты өзара іс-қимыл мемлекетаралық байланыстардың барлық спектрі бойынша дәстүрлі жоғары деңгейде екенін атап өтті.
«Біз сенім мен құрметке негізделген Қазақстан-Грузия ынтымақтастығының ілгері дамуын қолдаймыз», — деді ҚР Премьер-Министрі.
Үкімет басшысы Грузия Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін айтты. Бұл ретте екіжақты өзара іс-қимылға сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастық негіз болып отыр.
Мәселен, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 7 есе өсіп, рекордтық $600 млн-ға жетті. Аталған сала биыл да қарқынды дамып келеді, яғни 4 айда өзара сауда көлемі 5 есе ұлғайып, $167 млн болды.
«Бұл – өте жақсы көрсеткіш, бізге жақын арада миллиардтық межеге жететін көрсеткіштерді жоспарлауға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы екі елдің инвестициялар саласындағы өзара іс-қимылының өсу серпінін атап өтті. Соңғы 17 жылда Грузия инвесторлары Қазақстанға шамамен $400 млн салған, бұл ретте өткен жылдағы көрсеткіш $100 млн-нан астам болды. Өз кезегінде қазақстандық кәсіпкерлер Грузия экономикасына $530 млн-нан астам инвестиция құйды.
«Біз грузиялық инвестицияларды Қазақстан Республикасындағы басқа шетелдік инвестициялар сияқты қорғауға заң тұрғысынан кепілдік береміз. Әлемдік қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен жаңа инвестициялық құралдарды біріктіретін “Астана” халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеуге грузиялық серіктестерді шақырамыз», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығында көлік транзиті саласының рөлі маңызды екенін атап өтті, өйткені екі мемлекеттің аумағы арқылы ірі трансконтиненталдық көлік дәліздері – Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға ең қысқа жолдар өтеді.
«Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығын дамытуда Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы зор. Біз өңірдің көлік байланысын арттыруға және транзит жағдайларын кезең-кезеңмен жақсартуға мүдделіміз. Бұл жоспарларда біз Грузияның транзиттік және көлік әлеуетін ескеретініміз сөзсіз», — деді Әлихан Смайылов.
Өз тарапынан Ираклий Гарибашвили Грузия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың даму деңгейінің жоғары екенін атап өтті, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің сапары аясында жүргізіліп жатқан келіссөздердің тиімділігін атап өтті.
«Барлық мәселені талқылауға мүмкіндік бар екеніне қуаныштымын. Бүгінде біздің елдеріміз бен жалпы өңір алдында жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Біз Орта дәлізді бірге дамытып жатырмыз. Ұзақ мерзімді перспективада ойластырған дүниелерді іске асыру үшін алдағы жылдары белсенді жұмыс істеуге дайын болуымыз керек», — деді Ираклий Гарибашвили.
Келіссөз барысында Қазақстан мен Грузия Үкіметтерінің басшылары өзара тауар айналымын ұлғайту мүмкіндіктерін, көлік инфрақұрылымын дамыту және ТХКБ-да бірыңғай логистикалық оператор құру, сондай-ақ ол арқылы өтетін жүк ағынын цифрландыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, туризм және жаңа технологиялық өнімдерді сату саласындағы ынтымақтастықты нығайту перспективалары қаралды.
Ресми сапар аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Грузия темір жолы» АҚ арасында бірлескен кәсіпорын құру мен оның жұмысының базалық қағидаттары туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Кеше бұл құжатқа «Әзербайжан темір жолдары» ЖАҚ қол қойды.
Еске сала кетейік, Қазақстан, Әзербайжан және Грузия бірыңғай логистикалық компания құрады. Ол тарифтік саясат, жүктерді тарату және ТХКБ-да көлік процестерін жеңілдету мәселелерімен айналысатын болады. Оның жұмысы нәтижесінде Қытайдан Еуропаға және кері маршрут бойынша өту мерзімі 10-15 күнге дейін қысқарады деп күтілуде.
Сонымен қатар Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Грузияның Экономика және тұрақты даму министрлігі арасында Батуми мұнай терминалындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
Сондай-ақ «Canadian chicken Ltd» (Қазақстан), «АгроТехМенеджмент» (Қазақстан) және «Georgian Industrial Group Ltd» (Грузия) компаниялары ауыл шаруашылығы және арнайы техника өндіретін зауыт құрылысына шамамен $50 млн инвестициялауды, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы құстар мен жануарларға арналған жем зауыты, құс фабрикасы және балықтарға арналған жем зауытынан тұратын ауыл шаруашылығы кластерін құруды көздейтін коммерциялық келісімдерге қол қойды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің Үкімет басшылары баспасөзге мәлімдеме жасады.
«Бүгінгі келіссөздер барысында біз екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін, жаңа және перспективалы жобаларды талқыладық. Нәтижесінде маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Бірінші кезекте, ол өзара сауданың өсу қарқынын қамтамасыз ету, тауар айналымының номенклатурасын кеңейту мәселесіне қатысты болды», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларға түсініктеме берді.
«Біз орта мерзімді кезеңде осы бағыт бойынша жүк тасымалының көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізуге мүдделіміз. Осы мақсатта жобаның тараптары “2022-2027 жылдарға арналған дәлізді дамыту және “тар жерлерді” синхронды жою жөнінде бірлескен жол картасын” қабылдап, табысты іске асыруда. Біз Грузиямен Каспий-Қара теңіз бассейнінде маршруттарды дамыту бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз. Бұл тұрғыда жүк тасымалын іске асыруда екі елдің теңіз порттарының мүмкіндіктерін пайдалану өте маңызды», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Өз сөзінде Ираклий Гарибашвили де келіссөз нәтижелерін жоғары бағалады.
«Біз өте мазмұнды талқылаулар өткіздік. Соңғы кездері бәріміз байқап жүрген үрдіске ризамыз. Мен тауар айналымы көлемінің ұлғаюы туралы айтып отырмын. Біз сондай-ақ елдеріміз арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтатын жобаларды қарастырдық», — деді Грузия Премьер-Министрі.
Оның айтуынша, келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту болды.
«Біз бұл жобаға Әзербайжан және Қазақстанмен бірге қатысып жатырмыз. Аталған бағыттағы “тар жолдарды” жою және Орта дәлізді Орталық Азия, Қытай және жалпы Азияның басқа елдері үшін одан да тартымды ету үшін бірге жұмыс істейміз. Бізде келіскен нақты Жол картасы бар. Бұл 2027 жылға дейінгі жоспар. Біз Грузияға не істеу керектігін, өз кезегінде Әзербайжан мен Қазақстан не істейтінін нақты білеміз. Қазір теміржолды жаңғыртуға едәуір инвестиция салып жатырмыз. Бізде осы бағытта басқа да маңызды жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, жаңа порт салу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз», — деді Ираклий Гарибашвили.