Мазмұны:
- Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Беларуське алдағы ресми сапары туралы;
- ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің алдағы отырысы туралы;
- Қазақстан Премьер-Министрінің Әзербайжан мен Грузияға алдағы ресми сапарлары туралы;
- Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Польша үкіметаралық комиссиясының алдағы отырысы туралы;
- «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтың оныншы отырысы туралы;
- Түркі мемлекеттері ұйымының аға лауазымды тұлғалары комитетінің алдағы отырысы туралы.
- Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Беларуське алдағы ресми сапары туралы
2023 жылғы 19 маусымда Беларусь тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Беларусь Республикасына ресми сапары өтеді.
Сапар барысында Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Сергей Алейникпен саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылау жоспарлануда.
Сонымен қатар, сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырады.
- ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы туралы
2023 жылғы 19-20 маусымда Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өткізілетін болады.
Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу басқарады.
Іс-шара барысында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын одан әрі дамыту және халықаралық пен өңірлік күн тәртібінің өзекті аспектілерін талқылау жоспарлануда.
- Қазақстан Премьер-Министрінің Әзербайжан мен Грузияға алдағы ресми сапарлары туралы
2023 жылғы 21-23 маусымда Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Әзербайжан Республикасы мен Грузияға ресми сапарлары өтеді.
Үкімет басшылары деңгейіндегі алдағы келіссөздердің орталық тақырыптары – сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және дамыту мәселелері.
Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту арқылы өңірдегі елдердің көлік-транзиттік әлеуетін ашу жөніндегі бірлескен және үйлестірілген қадамдарына ерекше назар аударылатын болады.
- Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Польша үкіметаралық комиссиясының алдағы отырысы туралы
2023 жылғы 15-16 маусымда Варшава қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ведомстволарының қатысуымен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Польша үкіметаралық комиссиясының 9-шы отырысы және бизнес-форум жоспарлануда.
Комиссияның тең төрағалары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және Польша Республикасы Экономикалық даму және технологиялар министрінің бірінші орынбасары Гжегож Пеховяк.
Отырыстың күн тәртібіне екіжақты қарым-қатынастар мәселелері, оның ішінде сауда және инвестициялар, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, энергетика, сондай-ақ аймақтық ынтымақтастық пен шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері кіреді.
Сонымен қатар, Министрдің орынбасары Р.Василенко Польша Республикасы Президенті Әкімшілігінің Халықаралық саясат бюросының басшысы Марчин Пшидачпен және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының директоры Маттео Мекаччимен кездесулер өткіді жоспарлайды.
- «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтың 10-шы отырысы туралы
2023 жылғы 13 маусымда Астана қаласында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың төрағалығымен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтың 10-шы отырысы өтеді.
Іс-шара аясында Орталық Азия елдері мен Еуропалық одақ делегацияларының басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, атап айтқанда қауіпсіздіктің жалпы сын-қатерлерін, сондай-ақ екі өңірдің ынтымақтастығын талқылайды.
Сонымен қатар тараптар 2023 жылдың күзінде өтетін «Орталық Азия – Еуропалық одақ» Сыртқы істер министрлерінің 19-шы кездесуіне дайындық бойынша пікір алмасады.
Айта кету керек, «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саясат пен қауіпсіздік бойынша жоғары деңгейдегі диалог алғаш рет 2013 жылы Брюссельде өтті.
6. Түркі мемлекеттері ұйымының Аға лауазымды тұлғалары комитетінің алдағы отырысы туралы
2023 жылғы 14-15 маусым аралығында Ыстанбұл қаласында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш Түркі мемлекеттері ұйымының Аға лауазымды тұлғалары комитетінің отырысына қатысады.
Аталған отырыс барысында биыл қазан айында Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы мерейтойлық саммитіне дайындық мәселелерін, сондай-ақ Түркістан саммиті шеңберінде қол қойылатын құжаттардың жобаларын талқылау жоспарлануда.