Жарияланды: 14.06.2023

Ханойда Қазақстан-Вьетнам достық концерті өтті

Гранд концерт-холлда Қазақстан мен Вьетнам халықтарының достығына арналған концерт өтті. Іс-шараны Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігінің көмегімен қазақстандық әртістердің қатысуымен Вьетнам ұлттық музыка академиясы ұйымдастырды.

Бұл үлкен мәдени шара Қазақстанның Халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаеваның, сондай-ақ «Сырлы Саз» фольклорлық ансамблінің өнерімен безендірілді. Вьетнам тарапынан Ханой камералық оркестрі мен Вьетнам музыка академиясының әртістері өнер көрсетті.

Әлемге әйгілі әртіс А. Мұсаходжаева вьетнамдық феномен скрипкашы Буй Конг Зюймен бірге Антонио Вивальдидің «Жыл мезгілдері» шығармасын орындай отырып, классикалық музыканың скрипка партияларын шебер орындаумен көрермендердің жүрегін жаулап алды.

Концерт Қазақстанға, оның өнері мен мәдениетіне деген қызығушылықты арттырды. Көрермендер қазақ ұлттық музыкасының талантты орындауымен қуана қарсы алды.

Іс-шараға мәдениет және өнер қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ Вьетнамда тұратын Қазақстан азаматтары қатысты.

Музыкалық акция басталар алдында Қазақ ұлттық өнер университеті мен Вьетнам ұлттық музыка академиясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

102 қаралым