Жарияланды: 14.06.2023

Қазақстан СІМ-де Еуроодақпен ынтымақтастықты көпжоспарлы дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакаламен және Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі Бас хатшысының орынбасары Энрике Морамен кездесті. Тараптар «ОА-ЕО» форматындағы өңіраралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, Қазақстан мен ЕО арасындағы перспективалы жобаларды дамытуға өзара қызығушылық танытты.

Жуырда Брюссельге жасаған сапары барысында еуропалық серіктестермен келіссөздердің сындарлы сипатын атап өтіп, М. Нұртілеу Астананың Еуроодақпен қарым-қатынасты одан әрі ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.

Министр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 2 маусымда Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия елдері мен ЕО көшбасшыларының екінші кездесуіне қатысу шеңберінде Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишельмен мазмұнды келіссөздерін, сондай-ақ осы күндері Астанада сыртқы саяси ведомстволары басшыларының орынбасарлары деңгейіндегі «Орталық Азия – ЕО» жоғары деңгейдегі диалогының 10-шы отырысын атап өтіп, аса жоғары және жоғары деңгейдегі саяси диалогтың оң динамикасына ерекше назар аударды.

СІМ басшысы екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша, атап айтқанда, көлік және логистика саласындағы тараптар арасындағы тұрақты және қарқынды өзара іс-қимылды құптады. 19 мамырда Алматы қаласында ОА-ЕО Екінші экономикалық форумы барысында Еуропалық даму және қайта құру банкі таныстырған Еуропа мен Орталық Азия арасындағы тұрақты көлік дәліздері бойынша зерттеулерінің маңызды алдын ала нәтижесі атап өтілді.

М. Нұртілеу Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету мәселесі екіжақты ынтымақтастықтың басым мәселелерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Брюссельге сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарға сілтеме жасай отырып, ол Қазақстан тарапының осы мәселе бойынша жақын арада нақты консультацияларды бастауға дайын екендігін білдірді.

Өз кезегінде ЕО арнайы өкілі Т. Хакала: «Еуропалық одақ Қазақстанмен қарым-қатынастарына жоғары мән беріп, елді Орталық Азиядағы басты әріптесі ретінде санайды», – деп атап өтті. Ол тұрақты даму, бейбіт процестерге жәрдемдесу, экономикалық өсуді ынталандыру және реформаларды қолдау сияқты ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан мен ЕО арасындағы белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға сенім білдірді.

Э. Мора Астана мен Брюссель арасындағы қарым-қатынастардың өзекті жай-күйіне жоғары баға беріп, Еуроодақта Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдету және оны өзінің сыртқы саясатының басым бағыттарының біріне шығару бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Жалпы, кездесулер көлік-логистика, сыни шикізат материалдары салаларындағы ынтымақтастықты дамытуды, визалық режимді жеңілдетуді және т.б. мәселелерді қоса алғанда, бірқатар басым мәселелер бойынша «сағаттарды теңестіруге» мүмкіндік берді.

Сондай-ақ тараптар Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Еуропалық Кеңес Президентінің екінші кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуына қысқаша шолу жасап, 2023 жылдың күзінде «ЕО-ОА» Министрлік кездесуіне дайындық барысы бойынша пікір алмасты.

166 қаралым