Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (ҚазҰӨА) Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен «Prague Quadrennial-PQ 2023» беделді театр және сахналық дизайн фестиваліне қатысты.
Праганың көрме орталығы 70 мыңға жуық көрермен жинады, олардың арасында әлемнің 100-ден астам елінен 8 мыңға жуық кәсіби өнер шеберлері, студенттер және басқа да белсенді қатысушылар болды.
ҚазҰӨА проректоры, профессор Қабыл Қалыков бастаған Қазақстан өкілдері фестивальдің көрмелерден, семинарлардан, театрландырылған қойылымдар мен спектакльдерден тұратын бай бағдарламасының негізгі бөлігіне қатысты. Іс-шарада Қазақстан көрерменнің қызығушылығын тудырған институт дизайнерлерінің, суретшілерінің қызықты шығармашылық жұмыстарын таныстырды, қазақстандық шеберлердің өнерлерін фестивальдің конкурстық қазылар алқасы атап өтті.
Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы білім беру әлеуетін одан әрі нығайту және дамыту мақсатында Қазақстан Елшілігінде қазақстандық дипломаттардың ҚазҰӨА проректоры Қ. Қалыков, Калифорния университетінің басшылығы, профессор Бенджамин Сота, Паневропалық университетінің профессоры Ольга Соболева және Прагадағы «Integral-Production» продюсерлік орталығының өкілдерімен кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында тараптар бір-бірін жоғары оқу орындары қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды, Қазақстан-Чехия қатынастарын нығайтудағы ғылыми-білім беру саласының маңыздылығы туралы пікір алмасты, сондай-ақ университеттер арасында академиялық және мәдени алмасуды жолға қою перспективаларын талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар жақын арада Қазақ ұлттық өнер университеті мен Чехия жоғары оқу орындары арасында меморандумға қол қоюға келісті және іс-қимылдың алдағы қадамдарын талқылау үшін жақын арада Қазақстанға баруға ниет білдірді.