Екіжақты мәдени байланыстарды нығайту аясында Қазақстан Республикасының Дубайдағы Бас консулдығы Мұхаммед бен Рашед атындағы Ұлттық кітапханаға еліміз туралы кітаптар жинағын сыйға тартты.
Араб әлеміндегі ең ірі кітапхананың қоры қазақтың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, табиғаты және Қазақстанның қазіргі жетістіктері туралы түрлі кітаптар жинағымен толықты.
Дубай Ұлттық кітапханасының төрағасы Мұхаммед Әл-Мурр Бас консулдыққа бағалы сыйлық үшін алғысын білдіріп, бұл кітаптар келушілерге Қазақстанның бай мәдени мұрасымен танысып қана қоймай, сонымен қатар еліміздің тарихы, оның даму кезеңдері, саясаты мен экономикасы туралы көбірек білуге бірегей мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сұхбат барысында М. Әл-Мурр қазақстандық кітапханалармен тікелей байланыс орнатуға қызығушылық танытып, осы мақсатта жақын арада Қазақстанға келуге дайын екенін білдірді.
Анықтама: Мұхаммед бен Рашед атындағы Ұлттық кітапхана 2022 жылы ашылды. Қазіргі уақытта қаланың маңызды мәдени және білім беру орындарының бірі. Кітапхана жасанды интеллекттің ең жаңа технологияларымен жабдықталған: робот көмекшілері, электронды кітап іздеу жүйесі және әртүрлі тілдердегі 1,5 млн астам кітап, 1 млн аудио кітаптар және 2 млн электронды кітаптар қоры бар.