Жарияланды: 19.06.2023

Қазақстан Сыртқы істер министрі Беларуське ресми сапармен барды

Беларусь тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Беларусь Республикасына ресми сапармен келді.

Сапар барысында ҚР cыртқы саяси ведомствосының басшысы М. Нұртілеуді Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко қабылдады.

Беларусь Президенті екі елдің екіжақты форматта да, халықаралық өңірлік ұйымдар шеңберінде де өзара іс-қимылының нәтижелі сипатын ерекше атап өтті. Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының стратегиялық деңгейі расталды. А. Лукашенко Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілектері мен сәлемін жолдады.

Министр М. Нұртілеу сұхбаттасын Қазақстан-Беларусь қарым-қатынастарының өзекті жай-күйі мен даму перспективалары туралы хабардар етті.

Сол күні Қазақстан СІМ басшысы Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрі Сергей Алейникпен келіссөздер жүргізді. Тараптар Қазақстан-Беларусь өзара іс-қимылының кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Машина жасау, құрылыс, агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру барысы қаралды. Тараптар оларды ілгерілетуге белсенді жәрдемдесуге уағдаласты.

«Беларусь Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі. Біздің республикаларымызды достықтың мызғымас байланыстары, ортақ көп ғасырлық тарих және тығыз мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық біріктіреді. Елдеріміз арасында қарқынды саяси диалог құрылған», — деді М. Нұртілеу.

Келіссөздер барысында тауар айналымы өсуінің оң динамикасы қанағаттанушылықпен аталып өтті. Ол өткен жылы 1 млрд. АҚШ долларынан асып, 2021 жылмен салыстырғанда 18,5%-ға жоғары өсті. Өнеркәсіптік кооперация қарқынды дамып келеді. Құрылыс, машина жасау, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа да салаларында бірлескен жобалар белсенді іске асырылуда.

Өз кезегінде С. Алейник Беларусь-Қазақстан қатынастарының локомотиві мемлекет басшылары деңгейіндегі серпінді диалог екенін атап өтті. «Біздің президенттеріміз арасындағы өзара құрмет пен ұзақ мерзімді сындарлы қарым-қатынас екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды белсенді түрде алға жылжытуда», — деп мәлімдеді Беларусь министрі.

Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібі мәселелері бойынша, оның ішінде Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық бірлестіктер желісі бойынша «сағаттарды теңестірді». БҰҰ, ҰҚШҰ, ЕАЭО, ТМД және басқа да халықаралық құрылымдар шеңберінде одан әрі өзара іс-қимыл жасау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Білім, ғылым, мәдениет, медицина және спорт саласындағы ынтымақтастықты арттыру бойынша ұсыныстар алмасылды.

Сыртқы істер министрлері келіссөздер қорытындыларына қанағаттанушылығын білдіріп, екі елдің жемісті ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге сенім артты.

Сапар аясында ҚР СІМ басшысы М. Нұртілеу Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысының Беларусь мемлекеттік мұражайына барды.

199 қаралым