Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің (ШАМЫҚ) штаб-пәтерінде Орталық Азия елдері елшілерінің Кеңес басшылығымен және Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар Орталық Азия елдері мен ШАМЫК арасындағы өзара әрекеттестік мәселелерін, оның ішінде «Орталық Азия –Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа форматы аясында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту жолдарын талқылады. Сонымен қатар Шығанақтағы араб елдері мен Орталық Азия арасындағы аса жоғары және жоғары деңгейдегі саяси диалогты дамыту перспективаларына ерекше назар аударылды.
Осы ретте кездесуге қатысушылар Кеңес пен Орталық Азия елдері арасындағы қарым қатынастарды нығайтудың, сондай-ақ ортақ мүдделердің игілі үшін ынтымақтастықтың барлық салаларын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, екі өңір арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту жөнінде бірлескен күш-жігер жұмсауға уағдаласты.