Жарияланды: 06.09.2023

ПРЕЗИДЕНТ: СУ ҮНЕМДЕЙТІН ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ЕНГІЗУ – АСА МАҢЫЗДЫ ЖӘНЕ ШҰҒЫЛ МІНДЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жиынға мәжіліс және сенат депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай, Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сасат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қоғам мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.

Жолдауда баса назар аударылған мәселелердің бірі Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы. Мемлекет басшысы су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс екендігіне айрықша назар аудартты. Ол өз сөзінде су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет екендігін және оған тиімді тәсілдер ұсыну қажет деді. Сонымен қатар, ескірген инфрақұрылымдардың орнына жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы екендігін айтты.

«Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған». Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рамиля МУСТАФАЕВА,
Түркістан облыстық «Гарабах» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы

988 қаралым