Жарияланды: 09.12.2023

Қыстың күні шаруалар қырыққабат жинап жатыр

Түркістан облысына қарасты Келес ауданының диқандары қыстың алғашқы айында ашық алқаптағы қырыққабат өнімін жинап жатыр. Мәселен, Ошақты ауылындағы Айкен шаруа қожалығы 3 гектар аумаққа қырыққабаттың Бухарест сортын егіп, 120 тонна өнім жинады.
Қазір шаруа қырыққабаттарды Тараз және Қарағанды қалаларына апарып сатып жатыр. Шаруа қожалығының төрағасы Айкен Абайұлының айтуынша, Оңтүстік өңірдегі күн райының жылылығы шаруалардың мол өнім алуына үлкен мүмкіндік болып тұр.
— Ата кәсіппен айналысып, қара қазанымызды қайнатып отырмыз. Осы егіннің арқасында балаларымызды еңбекке баулып, табыс тауып жатырмыз. Жер телімімізге ағын су кедергісіз келеді. Алдымен ерте көктемде қырыққабат егіп, оны көктемнің соңына қарай жинап өткіздік. Содан шілде айының 15-не дейін жерімізді дайындап, күзгі қырыққабат дақылын ектік. Ауа райының қолайлы болуының арқасында қыстың бастапқы күндерінде өнім алып отырмыз, — деді Айкен Абайұлы.
Айта кетейік, Келес ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі осы жылдың тоғыз айында 56,6 млрд теңге болған. Сонымен қатар 80-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, ағын су жүйесі тазартылды. Нәтижесінде суармалы жер көлемі артып, Келес ауданы көкөніс өндіруде облыс деңгейінде үздіктер қатарынан көрінді.
769 қаралым