Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударуға ниетті азамат тарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Павлодар облысынан 18 азаматтан тұратын топтық құрам келді. Республикамыздың солтүстік өңірлеріне ерікті қоныстандыруды насихаттауға Түлкібас ауданы тұрғындарымен кездесу мақсатында топтық құрам бөлініп, Рысқұлов ауылдық округінде; Майлыкент, Кемербастау ауылдық округтерінде және Түлкібас поселкесінде, Машат, Мичурин ауылдық округтерінде және Састөбе поселкесінде жиналыс өткізді.
Солтүстікке қоныс аударған оңтүстік азаматтарына бірқатар жеңілдіктер мен қаржылай көмек ұсынылады. Бағдарламаға қатысушыларға және оның әрбір отбасы мүшесіне бір реттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері — 35 АЕК, 84 175 теңгеге тең. Коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын төлеуге 12 айға дейін қалалық жерге қоныс аударғандар үшін 1 адамға 20 АЕК (48 100 теңге); отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 25 АЕК (60125 теңге); 5 жан және одан көп болса — 30 АЕК (72150 теңге); ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін: 1 адамға — 15 АЕК (36075 теңге); отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса — 18 АЕК (43290 теңге); 5 жан және одан көп болса — 21 АЕК (50505 теңге) материалдық көмек көрсетіледі. Егер де тұрғын үй сатып алғыңыз келсе, бірақ қолыңызда қаржыңыз болмаса, бұл соманың бір жылдық жиынтығын бірден алып, үй алуға болады. Айта кетер бір жайт, бағдарламаға қатысушы отбасы мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыға қол жеткізуі үшін жанұяның ең болмаса бір мүшесі міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Ал жергілікті билік оларды жұмыспен қамтуға міндетті. Бұл жөнінде туындаған сауалдар болса, Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің жетекшісі Меруерт Есембаеваға (тел: 8 -7182-76-40-12, 8705 408 37 77) хабарласу керек.
Аудандық жұмыспен қамту орталығы