Жарияланды: 03.02.2024

ТҮРКІСТАН: 1 НАУРЫЗДА ӨҢІРЛІК КАДР РЕЗЕРВІНЕ ІРІКТЕУ БАСТАЛАДЫ

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мәлімдеді.

— Биылғы жылдың 1 наурызынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде мемлекеттік қызметке кадрлық резервтік іріктеу басталады. Аталған іріктеуді облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен Астанадағы кадр комиссиясы жүзеге асырады. Сәйкесінше, өңірлік резервке алынған азаматтар сайланатын лауазымдарды қоспағанның өзінде, жергілікті атқарушы органдардағы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына жұмысқа тұра алады. Сонымен қатар, іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар ҚР азаматтары қатыса алады. Іріктеу — индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру экология бағыттары аясында жүзеге асырылатын болады, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Брифингке қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы және Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Өркен Балажанов үміткерлерді іріктеудің талаптарына кеңінен тоқталды.

— Өңірлік кадр резервіне іріктеудің алғашқы кезеңі 1-31 наурыз аралығында өтеді. Кандидаттар құжаттарын «onir.pkrezerv.gov.kz» сайтында тапсыра алады. Жеке кабинетте барлық құжаттар топтамасын ұсынып тіркелгеннен кейін үміткер өңірді және салалық бағытты таңдайды. Бір ғана өңірді және бір салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі. Құжаттар ұсынылғаннан кейін үміткерлерге арнайы хабарлама келеді. Әрі қарай, кандидаттарға жеке кабинетте тестілеу күні мен уақытын таңдау ұсынылады. Екінші кезеңде заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға арналған тестілеуден өтеді. Тестілеу мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының тестілеу залдарында офлайн форматта екі блокта өтеді. Келесі кезең – «Құзыреттерді бағалау» бойынша Астана қаласында Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Конкурсқа қатысу бойынша шығыстарды үміткерлер өз қаражаты есебінен жүргізеді. Құзыреттілікті бағалау рәсімінің ұзақтығы 6-дан 8 сағатқа дейін созылады. Төртінші кезең – кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны презентациялау форматында өткізіледі. Ал, соңғы кезеңде комиссияның отырысында резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады,- деді департамент басшысы.

Айта кетсек, әрбір кезеңнің нәтижесі комиссия шешімі қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, кандидаттардың жеке кабинеттерінде және жобаның сайтында орналастырылады. Сондай-ақ, кандидаттар іріктеуден өту тілін, әр кезеңнен өту күні мен уақытын таңдай алады. Өңірлік резервте болу мерзімі – 2 жыл.

1 600 қаралым