Жарияланды: 05.03.2024

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ ШАРУА ЖЫЛЫНА 1 МИЛЛИОННАН АСТАМ ГҮЛ ӨСІРЕДІ

Қазығұрт ауданындағы «Пасека-Бал» шаруа қожалығы жылыжай өндірісін дамытып отыр. 2010 жылы іске қосылған қожалықтың қазір 18 гектар егістік жері бар. Оның ішінде жылыжай көлемі – 1,46 гектар. Бүгінде шаруашылықта гүл өсіретін үш жылыжай бар. Онда жылына 1 миллионнан астам гүл қырқылады. Гүл бағында раушанның «Misty Bubbles», «Каталина», «Қара сиқыр» деп аталатын үш түрі өсіріледі.

Шаруа қожалықтың төрағасы Азизбек Қасымовтың сөзінше, бір ғана жылыжайдың өзінен жылына 400 мыңға дейін гүл қырқылады. Өнімді Шымкент, Алматы, Қызылорда қалаларына жөнелтеді. Гүлдердің орташа бағасы — 150-170 теңге. Бүгінде жылыжайда тұрақты 15 адам жұмыс істейді.

Айта кетсек, Республикада салынған жылыжайлардың 70%-ы Түркістан облысына тиесілі. Облыстағы жылыжайлардың жалпы көлемі — 1 640 гектар. Өткен жылы жалпы жылыжайлардан 140 мың тонна өнім жиналып, республика халқының 42%-ы көкөніспен қамтамасыз етілген.

2 111 қаралым