Жарияланды: 05.04.2024

ТҮРКІСТАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫ АТЫНАН СУ БАСҚАН АЙМАҚТАРҒА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЛЕГІ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Қарғын судың астында қалған ауылдарға ағылған халық көмегі сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болып, жұдырықтай жұмылған бірлігімізді көрсетуде. Су басқан аймақтардың тұрғындарына арналған азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсеніш, тұрмысқа қажетті басқа да заттарды жинап жөнелтуге жалпы тұрғындар, әкімдік қызметкерлері, депутаттық корпус өкілдері, азаматтық ұйымдар, волонтерлар, діни ұйымдардың қызметшілері, Жастар ресурстық орталықтары мен жас белсенділер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, «AMANAT» партияcының өкілдері, күш біріктіріп, қиындықты ел болып еңсеруге жұмылуда.
Сылдырсыз аққан судан келер қауіптен секем алған Мақтаарал ауданының тұрғыны, аудандық мәслихаттың депутатты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Қанат Мырзахметов байыз тауып отыра алмады. Топан судың топалаңын естіген бойда дереу жолға шығуға қамданды. Жиналмалы қайығын алып, адамдарды, мал-мүлікті құтқаруға жәрдемші болар құрал-саймандарын жинастырып, бір түн ішінде қиындыққа тап болған ақтөбелік ағайындардың арасынан табылуға жолға шықты.
Мақтаралдық азамат ақ пейілді Ақтөбе қаласына табан тіреп, төтенше жағдай енгізілген аймақтағы құтқару жұмыстарына белсене кірісіп кетті. Қала іргесіндегі су қоймасы маңындағы және осы аймақтағы Елек пен Қарғалы өзені жағалауларындағы үйлерді су ағынынан сақтау, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, малдың суға ағып кетпеуін ұйымдастыру жұмыстарында азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлерімен бірлесе іс атқарды. Тасқын судың зардабына тап болған Ойыл елді мекенінің тұрғындарына көмек көрсетуге ұмтылды. Су астында тұрған, құлауы мүмкін үйлерге азаматтардың кірмеуін ескертіп, тұрғындарға қолдан келер көмегін ұсынуда.
Түркістандық депутат қиындықта қалған ағайынның жанынан табылып, қолдауын көрсетуді ерлік деп емес, азаматтық борышым деп біледі. Өйткені дәл осындай қиындықты Мақтаарал жұртшылығы бастан кешкен кезде, өздеріне бүкіл Қазақстан халқы көмек көрсеткенін айтады. Халқымыз паш еткен ерен еңбектің, терең бауырластықтың арқасында Мақтааралдың су басқан ауылдары қысқа мерзім ішінде қайта бой тіктеп, еңсесін көтергенін зор ризашылықпен еске алады.
Айта кету керек, халық жанашырлығын, қайырымын бір кісідей жақсы білетін Түркістан облысының тұрғындары қарғын судың зардабын қатты сезінген Ақтөбе өңірінің аймақтарына күн сайын көмек керуенін жөнелтуде. Ақтөбелік жұртшылыққа халық көмегі ең алдымен Мақтаарал ауданынан келіп жетті. Оның артынша қасиетті Түркістан топырағынан 30 тонналық жүк көлігі халыққа ең бірінші қажеті бар тауарлармен аттанды. Қайырымды істі Жетісай ауданы жалғастырып, азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек тиелген тағы бір 30 тонналық жүк көлігі Ақтөбеге қарай бет алды. Жетісай аудандық мәслихатындағы депутаттар да жалпыхалықтық істен құр қалмай, арнайы қорға жеке қаражаты есебінен 21 млн. теңге аударды. Сайрам, Ордабасы аудандарынан да көмек керуені жолға шықты.
Гуманитарлық көмек керуенін жасақтауға Түркістан облысының 17 аудан, қаласы жұдырықтай жұмылып отыр. Халықтың аманаты зардап шеккен аумақтарға алдағы уақытта да жеткізілетін болады.
707 қаралым