Жарияланды: 12.08.2018

Тәулігіне 5500-ден астам қорап жайма шығарылады

Ұн тағамдарымен қамтамасыз етіп отырған, сондай-ақ дайын қамыр жаймасын әзірлеп шығаратын шымкенттік «Алтын дән» ЖШС-нің өнімдері қазақстандықтар үшін жақсы таныс. Сұраныс та күн санап артып отыр. Әсіресе дайын жаймалар талай нәзік жандының қамыр жаюға кететін уақытын үнемдеуге септігін тигізуде. «Қазақстанда жасалған» белгісімен нарықты жаулаған бұл компания «Халық маркасы» сертификатын алған.

Жұмысбасты қыз-келіншектердің ет асып, бесбармақ дайындарда жайманың алар орны ерекше. «Алтын дән» жаймалары кез келген отбасында табылады десек, қателеспейміз. Өйткені оның пісірілуіне кететін уақыт өзге өнімдерге қарағанда өте аз. Дәмі де кәдімгі қолмен жайылған жаймадан кем түспейді. Жайма цехында тәулігіне 5500-ден астам қорап жайма шығарылады. Италияндық технологияда алдымен қамыр иленіп, кейін жайылады. Мұнан соң бөлініп, кептірілуге жіберіледі. Кептірілу уақыты – 4 сағат. 8 қызметкер дайын жайманы өлшеп, қорапқа салады. Серіктестік шығаратын макарон өнімдерін де нарықтан табуға болады. Швейцариялық жабдықтар толықтай автоматтандырылған. Мұнда тәулігіне 47 тонна ұннан 9 түрлі макарон шығарылады. Бір ғана бұл цех 18 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңге. Айта кетерлігі, «Алтын дән» ЖШС тек Қазақстан нарығында ғана емес, сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Ауғанстан секілді көршілес жатқан елдерді де өз өнімдерімен қамтып отыр. Нақтырақ айтқанда, серіктестік өндіретін жалпы өнімнің 30 пайызы шетелге экспортталса, қалғаны Қазақстан бойынша таралуда.

1 447 қаралым