Жарияланды: 08.04.2024

САЙРАМ АУДАНЫНДА ӨСІРІЛГЕН БАНАН МЕН ӨҢДЕЛГЕН ЖЕМІС ӨНІМДЕРІНЕ СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылған. Өз кәсібін ашамын деушілерге мемлекеттік қолдаулар көп. Ниет білдіргендерге түрлі бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие де қарастырылған. Бұл бағытта сайрамдықтар да өз ісін дөңгелетіп отыр.
Сайрам ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қайнарбұлақ ауыл округіндегі «GEN GROUP KAZAKSTAN» жылыжайына барды. Фермерлік жылыжай кешені 2023 жылдың маусым айында іске қосылған. 150 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Жобаның құны 1056 млн теңгені құрайды. Жылына 3000 тонна өнімді ішкі нарыққа өткізу көзделген. Жалпы 5,0 гектар алқапта банан өсіріледі. Мұндағы құрал-жабдықтар Түркия елінен алынған.
Былтыр 5,3 га аумаққа тәжірибе ретінде бананның «Анамуз» сортының 7400 көшеті отырғызылған болатын. Мамандардың сөзіне сүйенсек, банан бұтағы 10-15 жылға дейін өнім беруге қауқарлы. 1-2 айда өнім береді деп күтіліп отыр. Алдағы уақытта жылыжай кешенін шыны жабындысымен кеңейтіп, 3,7 га жерге құлпынай өсіру жоспарда бар.
Бүгінде Сайрам ауданында бананнан бөлек, лимон, құрма тәрізді тропикалық жемістер де жерсіндірілген. Атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан өңір басшысы осы бағыттағы жобаларды көбейтуді тапсырды.
Іссапар бұдан әрі Әйтеке би ауылында орналасқан «Dala fruit.kz» ЖШС-інде жалғасты. Облыс әкімі алма бауының жұмысымен танысып, өнім сапасына, экспорттық әлеуетін көтеруге баса назар аударуды тапсырды. Өткен жылы іске қосылған кәсіпорында 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның құны – 2485 млн теңге. Жылына 7000 тонна өнім ішкі нарықтан бөлек, көршілес Ресей еліне өткізіледі. Жалпы жер көлемі – 100 га. Қазір қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрған өндіріс орнында алма және табиғи шырын өндіріледі. Құрал-жабдықтары Германия және Ресей Федерациясынан әкелінген.
424 қаралым