Түркістан облысындағы Ордабасы ауданы Бөріжар ауылдық округіне қарасты Ұялыжар елдімекенінде «Александровский сад» атты тамаша тәлімбақ бар. Жеміс ағашының сан түрін отырғызған серіктестік бағбандары бүгінде алма жинауға кірісті, деп хабарлайды «Оңтүстік» телеарнасы. Биыл әр гектардан кемiнде 50 тоннадан өнiм алып жатыр. Шаруашылықты өрбітуге кезінде мемлекет қолдау көрсетіп, шығынның тең жартысына субсидия төлеген. Қазір еңбегі жанып, алма мен сүйекті жемістерді Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Атырау сияқты ірі қалаларға да шығара бастады. Серіктестікті ашу идеясы Бақтияр Тағаевтың ойына 2014 жылы келіпті. Ол ең алдымен, топырақтың бiр бөлiгiн Түркия елiне апарып, құрамын зерттеткен. Шетелдiк ғалымдардың кеңесiмен көшет егiлетiн алқап органикалық тыңайтқыштармен байытылған. Содан кейiн ғана жер жыртылып, 20 гектар жерге бау отырғызылды. Қазiр мұнда 30 адам тұрақты еңбек етеді. Ал, науқандық жұмыстарға қосымша жұмыс күшi тартылады. Бахтияр Тағаев – «Александровский сад» ЖШС басшысы «Өнімді сақтайтын қоймамыз жоқ. Сол үшін терілген бойда өнімді саудалап жатырмыз. Ендігі мақсатымыз, үлкен тоңазытқыш қойма салып, сақтап қыста саудалаймыз. Ол кезде пайдасы көп болады». Бұл iстiң басы-қасында Түркиядан келген мамандар жүр. Алдын ала жасалған келiсiмшартқа сәйкес, олар ағаштың бүршiк жаруы, гүлдеуi, түйнек салуы, терім науқаны кезеңiнде келіп,бағбандарға білгенін үйретеді. Атилла Каплан — агроном (Түркия) «Алма өсiрумен айналысатын елдер аз емес. Түркия мен Польшада бау шаруашылығы тәуiр жолға қойылған. Ал, сапасы жағынан бәрiбiр Италияның бәсi биiк. Мен осы салада талай жылдан бері тер төгіп келемін. Қазір ордабасылық бағбандармен бірге еңбек етудеміз. Біздің елдің климаты сіздердің ауа райына ұқсайды. Сондықтан жемісті жетілдіру аса қиын шаруа емес». Алма ағаштары былтыр бой көтеріп, жас баудан бiраз өнiм жиналған. Биыл әр гектардан 50 тоннадан өнiм алу жоспарлануда. Кәсіпкердің айтуынша, 20 гектар бау алқабынан 800 тонна алма теріледі. Алма егіп, Елбасы айтқандай, «Жеміс фабрикасына» айнала бастаған серіктестік ендігіде бау көлемін 100 гектарға гектарға жеткізуді көздейді.
Г.Ахметқызы