Жарияланды: 28.07.2024

Тарихи мұра обьектісінің атауы жаңғырды

фото Алғабас

Түркістан облысының тарихы мен мәдениетінде «Шаян мешіт-медресесінің» алатын орны ерекше. Бұл жай ғана діни ғимарат емес, еліміздің маңызды тарихи жәдігері. Мешіт-медресе іргетасы қаланған күннен бастап діни ағарту және рухани ағарту орталығы қызметін атқарып келеді. Міне, осы мекеме қабырғасында жастар имандылық туралы білім алып, діни сауатын шыңдады.

 

Тарихи аты айтып тұрғандай «Шаян мешіт-медресе» халықтың имандылығын оятып, діни сауаттылығын арттыруға қызмет етті. Кейбір деректерге қарағанда, мұнда Қарқаралы, Талас, Сарысу, Атбасар сияқты Қазақстанның әр өңірінен шәкірттер діни білімін жетілдіру үшін келген. Бұл мекеменің бүкіл елдегі маңыздылығы мен беделін көрсетеді. Шаян мешіт-медресесі діни білім берумен қатар шәкірттерін баспанамен, тамақпен де қамтамасыз етті. Бұл өңір халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлылығының жарқын үлгісі. Мұндай қолдау шәкірттерге күнделікті мәселелерге алаңдамай, оқуға және рухани дамуға ден қоюға мүмкіндік берді.

 

Бүгінде Бәйдібек өңірінің жастары рухани-мәдени мұраларынан сусындаған ата-баба дәстүрін жалғастыруда. Олар аймақтың мәдени құндылықтарын сақтай отырып, дамыта отырып, шығармашылық және білім беру іс-шараларына белсенді қатысады. Жастар жаңа жағдайда бабалар жолын жалғастыра отырып, өздерінің бай тарихының лайықты мұрагерлері болуға ұмтылуда. «Шаян мешіт-медресе» Түркістан өлкесінің рухани-мәдени мұрасының маңызды символы болып қала береді. Бұл өткеннің бүгінімен тоғысқан, өскелең ұрпақты жетістіктерге жетелейтін жер. Бұрынғыдай бүгінде Шаян мешіт-медресесінің өңір өміріндегі маңызы зор, имандылықтың, білімнің, мәдени мұраның маңыздылығын барша жұртшылыққа еске түсіруде.

 

Тарихи «Шаян мешіті» күні кешеге дейін құлшылық орны ғана емес, діни сауат ашу орталығы қызметін атқарды. Руханият пен тарихпен сусындаған бұл ғимарат Түркістан өлкесіндегі құнды жәдігерлермен танысып, мәдени-діни мұраны тереңірек білуге ​​келген әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді қызықтырды. Өңірімізде бабалар ісін (Әуен қажы ата-Қаныткүл қажы ана ұрпақтары) Нақыпбековтер отбасы жалғастыруда. Олар әдемі сәулетімен және екі көк күмбезімен ерекшеленетін заманауи зәулім мешіт салды. Кез келген жолдан көрінетін бұл зәулім құрылыс жергілікті тұрғындар үшін мақтаныш символына айналды. Жаңа діни білім ошағына айналған аудан орталығында көпқабатты медресе ғимараты да бой көтерді. Мұнда жастар имандылық пен діни тәжірибе туралы терең білім алып, ата-баба дәстүрін жалғастыра алады.

Шаян мешіті өзінің тарихи-мәдени маңыздылығымен туристерді тартуда. Келушілер өңірдің рухани мұрасын тереңірек түсінуге және бағалауға мүмкіндік беретін құнды жәдігерлермен және ақпараттармен таныса алады.

 

Шаян мешіті мен Нақыпбековтер отбасы салған заманауи медресе ұрпақтар сабақтастығы мен дәстүр сабақтастығын аңғартады. Бұл ғимараттар тек ғибадат орны ғана емес, діни және мәдени ағарту орталығы ретінде де қызмет етеді. Бүгінде олар сенім мен мәдениеттің маңызды нышандары болып қала отырып, жастарды шабыттандырып, Түркістан өлкесінің рухани мұрасын сақтауды жалғастыруда. Тарихи жәдігерімізді жандандырып, руханият саласында елге қосқан септігін ескеріп, мешіт жанынан арнайы салынған екі қабатты Шаян медресе ғимаратын «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Шаян қайырымдылық мекеме» жеке мекемесі ретінде тіркелген болатын жуырда.

 Рухани орда бүгінде игі істердің бастау бұлағы болып отыр. Бұл көпбалалы отбасылар мен мұқтаж отбасылардың балаларын тегін тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз етуді ұйымдастырып, жүзеге асыру, ең бастысы «Дін мен дәстүр», яғни, ислам және дәстүрлі құндылықтарымызды үйретіп, имандылық дәрістерін беретін, құранды терең жаттайтын қарилар дайындаумен қатар, дәстүрімізге қайшы жат ағымдардың ықпалынан сақтап қалуға қызмет етеді.

 

98 қаралым