Жарияланды: 21.08.2018

Созақтың қауынына сұраныс мол

Түркістан облысындағы Созақ ауыл округіне қарасты «Нұрмұхаммед» және «Әбдіраман» шаруа қожалықтары маусымдық жұмыстарды уақытша бірігіп атқаруға келісіп, бақшалық өнімдерді егуді қолға алған болатын, деп хабарлайды okg.kz. Олар бірігу арқылы жұмыс күшін, түрлі техникаларды, ағын суды шығынсыз пайдаға жаратуды көздеген еді. Солай болды да. Шаруа қожалықтары көктем шыға иеліктеріндегі 50 гектар жерге түрен салды. Жалпы, 20 гектарға қауын-қарбыз, қалғанына көкөністің бірнеше түрін екті. Ауыл жастарын жұмысқа тартып, 25 адамды 50 мың теңге жалақымен тұрақты жұмысқа алса, дақылды үзу, теру, арту сияқты уақытша жұмысқа күндігіне 5000 теңге еңбекақысымен 50 адамды қабылдады. Бүгінгі таңда келісі 35 теңгеден 220 тонна қауын-қарбыз Ресей мемлекетіне жіберілсе, ауыл, аудан, облыс жұртшылығына әр келісі 20 теңгеден жөнелтілуде.

 

– Біздің өнімдерде химиялық қоспалар жоқ. Таза қол еңбегі, маңдай тердің күшімен келген несібе, ризық. Мұнда қауынның «Әміре», «Әбінауат», «Торлама», «Басыбалды», «Бөрікәллә», «Көктырна» деген түрлері бар. Қауындардың ұрығын Өзбекстанның Әндіжан облысындағы арнайы тәлімбақтардан алдырдық. Өйткені, қазіргі таңда қауындардан құрт шығып жатыр деген сөз бар. Ал, зертханалық тексеруден өткен, арнайы сертификатталған ұрық болған соң ол қауіпсіз, әрі таза, әрі дәмді, сатып алушы да сенімді болады, – дейді «Әбдіраман» шаруа қожалығының төрағасы Зулфия Қошақанқызы.

Ал, «Нұрмұхаммед» шаруа қожалығының мүшесі Әбдіраман Рысбайұлының айтуына қарағанда, бүгінге дейін қауындар бақшалықтан көтерме бағамен екі мәрте сатылыпты.

«Енді қыркүйек айындағы күзгі терімге әзірленіп отырмыз. Ол уақытта қауын-қарбыздардың кеш пісетін түрлерін үземіз. Жиі-жиі хабарласып отырған тапсырыс берушілерде есеп жоқ» дейді ол.

М. Қарғабай

 

1 116 қаралым