Түркістан облысы бойынша мақта шикізатының 70 пайыздан астамы Мақтаарал және Жетісай аудандарына тиесілі болғанымен, өңірде шикізатты әрі қарай дайын өнімге айналдыратын кәсіпорындар аздау. Осы мақсатты «Айбек» шаруа қожалығы медициналық мақта өнімдерінің өндірісі жобасы да қолға алынып отыр. Индустриалды аймақтан жер бөлінген жобаға 85 миллион теңге қаржы жұмсалмақ. Кәсіпорын 28 адамды жұмыспен қамтып, жылына 2 миллион дана медициналық мақта өнімдерін өндіретін болады. Сонымен қатар, «Asi Metall Grup LTD» ЖШС-нің темір өндіру цехына 400 миллион теңге инвестиция құйылып отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда 60 адам жұмыспен қамтылады. Одан бөлек, аграрлы ауданда шаруалардың өнімін сақтап, әрі қарай сату үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданның кіреберісіндегі Азаттық ауылынан заманауи үлгідегі сауда логистикалық орталығының құрылысына 9 гектар жер учаскесі резервке алынды. Орталықта заманауи үлгідегі жеміс-жидек сақтау қоймалары, уақытша сұрыптау қоймалары, мұздатқыш камералары, жүк көліктеріне арналған тұрақжай мен техникалық қызмет көрсету стансасын салуға жалпы 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделуде.
Э. Өсербекова, «Мақтаарал» газеті